17 сәу, 2026 сағат 16:49

Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан: жасөспірімдер ең көп босанатын өңірлер

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда кәмелетке толмаған қыздардың ана атану жағдайлары әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлардың бір бөлігі зорлық-зомбылық салдарымен байланысты, деп хабарлайды Ult.kz Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Өткен жылдың күзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға тіркелген. Мәселен, Ақтөбе облысында 14 жастағы қыз әжесінің күйеуінен босанса, Түркістан облысында 15 жастағы жасөспірім 71 жастағы көршісінің зорлығынан кейін ана атанған. Мамандар бұл деректерді қыздардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың салдары ретінде бағалайды.

Статистикаға сәйкес, 2025 жылы елімізде 15–19 жас аралығындағы қыздар арасындағы туу көрсеткіші 1 мың адамға шаққанда 12,96-ны құраған. Қалада бұл көрсеткіш 10,4 болса, ауылдық жерлерде 16,63-ке дейін жеткен.

Өңірлер арасында айырмашылық айқын байқалады. Жасөспірімдер арасындағы бала туу көрсеткіші әсіресе Жамбыл (19,67), Маңғыстау (18,87) және Түркістан (18,51) облыстарында жоғары. Сарапшылар бұл көрсеткіштерді алаңдатарлық деңгей деп бағалап отыр.

Сонымен қатар, жалпы туу деңгейі жоғары өңірлерде жасөспірімдер арасындағы жүктілік міндетті түрде көп болады деген тұжырым әрдайым сәйкес келе бермейді. Мысалы, Қызылорда облысында жалпы туу көрсеткіші жоғары болғанымен, 15–19 жас аралығындағы қыздар арасындағы туу деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен де төмен.


Зерттеу нәтижелері 10–14 жас аралығындағы қыздар арасында да босану деректері тіркелетінін көрсетеді. Мұндай жағдайлар Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе және Түркістан облыстарында байқалған.

Халықаралық ұйымдар бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, табысы төмен және орташа елдерде жыл сайын 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады, оның жартысына жуығы жоспарланбаған.

Қазақстанда ерте жүктілік мәселесі ерте некемен де тығыз байланысты. 2024 жылы елде 123,6 мың неке тіркелсе, олардың ішінде 616 кәмелетке толмаған қыз және 18–19 жастағы 16,8 мың бойжеткен тұрмысқа шыққан. Бұл ретте жас қыздардың көбіне өзінен едәуір үлкен ер адамдарға тұрмысқа шығатыны байқалады.

Сарапшылардың айтуынша, ерте жүктілік пен ерте неке көбіне Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында жиі кездеседі. Бұл өңірлерде қыздардың алғашқы некеге тұру жасы да республика бойынша ең төмен көрсеткіштердің қатарында.

Мамандар мұндай үрдістерге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтеді. Өйткені ерте жүктілік қыздардың денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, олардың білім алуына, әлеуметтік дамуына да кері әсер етеді.