Фото: Zakon.kz
Қазақстанда ҰБТ мен жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, адами капиталды дамыту – мемлекеттік саясаттағы негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан білім беру жүйесі тек теориялық біліммен шектелмей, еңбек нарығына бейімделген, нақты дағдылары бар мамандарды даярлауға басымдық беруі тиіс.
Министр ҰБТ көп жыл бойы ЖОО-ға түсу кезінде ашықтық пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп келген тиімді құрал екенін атап өтті. Дегенмен уақыт талабына сай білім беру үрдістері, еңбек нарығының сұранысы мен бағалау тәсілдері өзгеріп отырғандықтан, бұл жүйені жетілдіру қажеттігі туындап отыр.
Атап айтқанда, педагогикалық мамандықтарға қабылдау кезінде тестілеумен қатар арнайы емтихандарды қамтитын аралас (гибридті) бағалау жүйесін енгізу ұсынылуда. Бұл ретте талапкерлердің тек пәндік білімі ғана емес, ойлау қабілеті, талдау дағдылары мен оқуға дайындығы да ескерілмек.
Балаеваның сөзінше, педагог болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін ерекше мамандық. Сондықтан болашақ мұғалімдердің кәсіби және тұлғалық қасиеттеріне де назар аудару маңызды. Осыған байланысты келесі жылдан бастап педагогикалық бағыттарға түсу кезінде ҰБТ нәтижелерімен қатар ауызша емтихандар да есепке алынбақ. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау және коммуникациялық қабілеттері бағаланады.
Сонымен бірге талапкерлердің дайындық деңгейін бағалап, өз білімін түзетуіне мүмкіндік беретін сынақ тестілеу жүйесі сақталады.
Министр тағы бір ұсыныс ретінде Foundation бағдарламалары арқылы шартты қабылдау тәжірибесінен бас тартуды көтерді. Себебі статистикаға сәйкес, мұндай жолмен түскен студенттердің шамамен 50–60 пайызы оқу барысында қажетті ең төменгі балды жинай алмайды.
Аида Балаева бұл өзгерістер ҰБТ-дан толық бас тартуды білдірмейтінін атап өтті. Керісінше, бұл жүйені жетілдіру арқылы дарынды талапкерлерді анықтап, әділ іріктеу тетіктерін күшейтуге бағытталған қадам болмақ.
