Фото: Ақмоншақ Нұртазаның желідегі парақшасынан
Алматыда өткен «Алтын ханым – 2026» байқауы биыл да қоғам назарын өзіне аударды. Ауқымды жобаның бас жүлдесін елордалық мектеп директоры, блогер әрі көпбалалы ана Ақмоншақ Нұртаза жеңіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.
Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназияның директоры бұл жолы қоғамға өзге қырынан танылды. Төрт дипломы бар, PhD докторанты әрі білім саласының өкілі Ақмоншақ Нұртаза байқауда бас жүлдені иеленіп, «Алтын ханым – 2026» атағына ие болды.
Қатысушының айтуынша, байқауға дайындық оның өмір салтына елеулі өзгеріс әкелген. Жеңімпаз өз әсерімен әлеуметтік желіде бөлісіп, қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді:
«Бүгінгі жеңіс менің ғана емес, мені шын жүректен қолдаған әрқайсыңыздың жеңісі. Бұл – үлкен жауапкершілік, үлкен аманат. Алда әлі талай белестер бар», – деді ол.
Ақмоншақ Нұртаза дайындық барысында 10 келі салмақ тастап, өзін физикалық және психологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтергенін айтады.
Жеңімпазға берілген 3 миллион теңге де қоғам назарын аударды. Ол қаражатты жеке мақсатқа емес, әйелдерді қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаға жұмсайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар оған сән үйі тарапынан шапан табысталды.
Баян Алагөзова жетекшілік ететін компания ұйымдастырған бұл байқау соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланатын жобалардың біріне айналған. Жобаға 35 жастан асқан, тұрмыстағы және ажырасқан әйелдер қатысып, тұлғалық даму, отбасыдағы рөл, қоғамдық белсенділік және шығармашылық қабілеттері бойынша бағаланады.
Биыл байқауға еліміздің әр өңірінен 22 үміткер қатысып, бірнеше ай бойы түрлі кезеңдерден өтті. Финалда Ақмоншақ Нұртазаның белсенділігі мен көрермен қолдауы оның жеңісіне әсер етті.
Өткен жылғы жеңімпаз Самал Асанова эстафетаны жаңа «Алтын ханымға» табыстады.
