24 ақп, 2026 сағат 13:43

Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық титулдарын сақтап қалды


Фото: Ашық дереккөз

Допинг дауына байланысты Жәнібек Әлімханұлы World Boxing Organization (WBO) шешімімен 2025 жылғы 2 желтоқсаннан 2026 жылдың соңына дейін кәсіпқой бокстан уақытша шеттетілді. Соған қарамастан, ұйым боксшының чемпиондық белбеулерін өзінде қалдыруға шешім қабылдады.

Шешім жарияланған соң Әлімханұлы жанкүйерлеріне үндеу жасап, титулды сақтап қалғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Аллаға шүкір! WBO чемпиондық титулын сақтап қалдық! Желтоқсанда рингке ораламыз! Қолдау білдірген баршаңызға рақмет!» – деді ол.


WBO тәртіптік комитеті спортшының бұған дейін антидопинг ережелерін бұзбағанын, тергеу барысында толық ынтымақтастық танытқанын және бұл оның алғашқы құқықбұзушылығы екенін ескеріп, жеңілдетуші мән-жай ретінде қабылдаған.

Енді боксшы 2026 жылдың соңында шаршы алаңға қайта оралып, уақытша чемпиондық белбеу иесімен жекпе-жек өткізуі тиіс.

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш титулды біріктіру айқасына шығуы жоспарланған еді. Алайда Voluntary Anti-Doping Association (VADA) жүргізген допинг сынамасы нәтижесінде оның ағзасынан мельдоний табылып, жекпе-жек өтпей қалды.

Кейін спортшының командасы оның тыйым салынған препарат қолданбағанын мәлімдеп, қайта тексеру жүргізуді сұрады. Дегенмен «B» сынамасы да оң нәтиже көрсетті.