25 ақп, 2026 сағат 10:43

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды

 

Фото: ҰОК видеосынан скриншот


Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров елге оралды. Астана әуежайында оны жанкүйерлер, спортшылар, шенеуніктер және БАҚ өкілдері салтанатты түрде қарсы алды. Спортшының құрметіне арнайы сахна ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қарсы алу рәсімінде Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин сөз сөйледі.


Айта кетейік, бұған дейін Шайдоров Лозаннадағы Олимпиада үйінде естелік қолтаңбасын қалдырған болатын.


Михаил Шайдоров Қазақстан тарихында Олимпиада чемпионы атанған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы болды. Ол қысқа және еркін бағдарламалар қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинады.


Оған дейін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанға алғашқы Олимпиада медалін Денис Тен әкелген еді. Ол 2014 жылғы Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алған.


Шайдоровтың жеңісінің арқасында бұл Олимпиада Қазақстан үшін 1994 жылдан бергі ең табысты ойынға айналды. 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов үш медаль жеңіп алған: 50 шақырымдық жарыста чемпион атанып, 10 және 15 шақырым қашықтықта күміс жүлдеге ие болған.