17 ақп, 2021 сағат 08:01

Еуроодақта COVID-19 вакцина өндірушісінен төртінші өтінім келіп түсті

Сейсенбі күні америкалық «Johnson&Johnson» компаниясына тиесілі бельгиялық «Janssen Pharmaceutica» компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинасын Еуропаның дәрілік заттар жөніндегі агенттігіне тіркеуге өтінім берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еуропалық агенттіктің өкілдері «Johnson&Johnson» компаниясының вакцинасы туралы ықтимал шешім осы жылдың наурыз айының ортасына дейін жарияланатынын атап өтті.

Үшінші сынақ кезеңінен кейін аталған вакцинаның тиімділігі 66%-ды құрады, бұл –Pfizer/BioNTech және Moderna компанияларының 90% қорғауды қамтамасыз ететін препараттарына қарағанда төмен көрсеткіш.

Алайда мамандар «Johnson&Johnson» вакцинасын басқа рұқсат етілген вакциналарға қарағанда адам ағзасына бір дозамен енгізу жеткілікті болады дейді. 

Ал басқа вакциналар екі дозаны қажет етеді.

Бельгияда осы вакцинаның 5 миллион дозасы сақталған, ол Антверпен муниципалитетіндегі жергілікті зауытта өндіріледі.