06 қыр, 2019 сағат 23:29

Еуро-2020: Қазақстан құрамасы Кипрмен тең түсті

Футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі аясында бүгін Қазақстан құрамасы сырт алаңда Кипрмен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандықтар I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Ресей, Шотландия, Сан-Марино және Кипр құрамалары.

Бүгінгі кездесуде біздің құрама сапында алғашқы минуттан Дмитрий Непогодов, Ғафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Александр Марочкин, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Юрий Перцух, Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Алексей Щеткин шықты.

Оларға қарсы кипрлық футболшылар - Костас Панайи, Николас Янну, Костас Лаифис, Гиоргос Меркис, Костас Мидиккис, Хамбос Кириаку, Яннис Кусулос, Григорис Кастанос, Фотис Папулис, Георге Эфрем, және Пиерос Сотириу ойнады.

Айта кетерлігі, Қазақстан мен Кипр құрамаларының шеберлік деңгейі шамалас. Кипрлықтар бүгінгі күнге дейін әлем және Еуропа біріншілігінің финалдық сатысында бақ сынап көрген жоқ. Іріктеу кезеңінде турнир кестесінде негізінен төменгі орындарда көрінеді.

Қос құрама бұған дейін екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқысында 2004 жылдың 21 ақпанында Кипр халықаралық турнирінде жолығып, біздің құрама алаң иелерінен 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін 2017 жылдың 22 наурызында сол елде жолдастық кездесуде шеберлік байқасты. Бұл кездесуде құрамамыз 1:3 есебімен қарсыласына есе жіберді.

Сондықтан бүгінгі кездесу алғашқы минуттан тартысты өрбіді. Біздің құрама жылдам гол соғып кетті. Оны 2-минутта шабуылшы Алексей Щеткин орындады. Оған әріптесі Ғафуржан Сүйімбаев әдемі пас шығарып берді. Бұдан кейін алаң иелері намысқа тырысып, алға қарай ұмтылды. Дегенмен, көздеген мақсатына жете алған жоқ. Тек 39-минутта Пиерос Сотириу таразы басын теңестірді. Бірінші кезең аяқталар тұста айып добын шебер орындаған Бауыржан Исламхан тепкен допты қарсылас құрама қақпашысы әрең сыртқа шығарып үлгерді.

Екінші кезеңде қос құрама есепті өзгертуге тырысты. Әсіресе алаң иелерінің белсенділігі айқын аңғарылды. Дегенмен ойын есебі өзгерген жоқ. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Қазақстан енді 9 қыркүйекте сырт алаңда Ресей құрамасымен ойнайды.

Бүгінге дейін біздің футболшылар төрт ойын өткізді. Алдымен 21 наурызда өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін 24 наурызда Ресейге 0:4 есебімен жол берді. Ал 8 маусымда сырт алаңда Бельгиядан 0:3 есебімен жеңілсе, 11 маусымда елордада Сан-Мариноны 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін біздің топта тағы екі кездесу өткізіледі. Топтың үздіктері Ресей  Шотландияға, Бельгия Сан-Марионоға қонаққа барады.