Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 11 маусым күні өтетін «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияның басты мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің Тұжырымдамасын нақтылау.
Сол арқылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін енгізуге, оларды апробациядан өткізу шаралына ғылыми негіздер жасау.
Конференция қарасаңында «Ұлт.kz» сайты оқырмандарының назарына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық топтың мүшесі. филология ғылымының кандидаты Гүлфар Мамырбекованың мақаласын ұсынып отырмыз.
***
Жаңа латын графикасына көшу барысында тілші мамандар тарапынан жүзеге асуы тиіс басты мәселелердің бірі – емле ережесінің түзілуі, кірме сөздер мен терминдердің, ономастикалық атаулардың таңбалану жүйесін нақтылау ісі. Осылардың ішінде кірме сөздердің қатарынан орын алатын ескі кітаби лексика мен араб, парсы сөздерін латын графикасымен шығатын жаңа «Орфографиялық сөздікке» енгізу мәселесі өзекті болып отыр. Оның бірнеше себептері бар:
Біріншіден, егемендік алғаннан кейін ислам дініне қатысты ұғымдар мен тіркестер тілдік қолданысымызға молынан ене бастады. Мәселен, мына тәрізді сөздер соңғы шыққан «Орфографиялық сөздікте» берілмеген, қазіргі таңда бұлар әртүрлі нұсқада ала-құла таңбаланып келеді: арафа/арапа (құрбан айттан бір күн бұрын болатын түн), асхаб/асхап/асқаб (сахаба сөзінің көпше түрі сахабалар, Мұхаммед пайғамбар ғ.с. серіктері), әлейһиссалам/аләйһиссалам/алаихұласлам/ғалайхиссалем (Пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің атынан кейін айтылатын құрметті теңеу: Алла жарылқасын), мәлак/мәләк (періште), мәләйік/мәлеик (періштелер), пәренжі/фәренжі/паранжа (мұсылман әйелдерінің сыртқа шыққанда жамылатын сырт киімі), тауап/тәуап/тәуаб (құлшылық ету, табыну), рүкүғ/рукүғ (намаз оқығанда тізеге қолды қойып еңкею), т.б.
Екіншіден, кезінде саяси идеологиялық мүдделерге сай келмегендіктен, көптеген ауыз әдебиеті мұраларымыз жарыққа шықпағаны белгілі. Ондай жәдігерлер қатарында діни дастандар, магиялық, мифтік аңыздар мен тарихи жырлар бар. Бұлардың барлығы, тәуелсіздік алғаннан кейін жариялана бастады да, оларда кездесетін ескі кітаби тіл бірліктерінің орфографиясында бірізділік сақталмай келе жатыр. Мысалы: аһыл/аһил/аһл/әһлі/әһіл (туыс, ағайын; ел, қауым), ғафыл/ғапіл/ғапыл/қапыл (аңқау; бейқам), дафиғ/дафиқ (қарсылық), жамиғ/жәмиғ/жамиғи/жәми/жәмі (барлығы, күллі), калам/кәлам/кәләм/кәлем (сөз, әңгіме), машғұл/мәшғұл/машқұл (шұғылдану, істеу), машриқ/машрих/машырық (шығыс, күншығыс), зәнжабил/занжабіл (имбирь; жұмақтағы бұлақ аты), т.б.
Жалпы «Орфографиялық сөздікте» жоқ, бірақ бірнеше нұсқада таңбаланып жүрген ескі кітаби сөздердің жалпы саны 370 шамасында. Бұл жазу мәдениетімізге нұқсан келтіретін өте үлкен көрсеткіш. Бұлардың бір ғана нұсқасын жазылымда норма ретінде тану күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін жарыққа шығып жатқан ауыз әдебиеті жырларында, қисса-дастандарда өте жиі ұшырасатын жарыспалы вариантта қолданылып жүрген мына тәрізді сөздердің әдеби тілде норма деп танылған бір нұсқасы «Орфографиялық сөздікке» міндетті түрде енгізілуі қажет-ақ: ақаид/ғақайд, афсун/афсүн, барағат/барат, баһан/бәһәна, башарат/бәшерет, бейқұда/бейхұда, бихуд/биһуд, бустан/бұстан, гөриан/гөриян, дилбар/ділбар, диуан/дуан, жүһүд/жұһұт, зақум/зақұм, зәнжабил/занжабіл, зиада/зияда, зұлжалал/зүлжалал, зүлфі/зұлпы, ихфа/ихпа, кәфарат/капарат, күлфат/күлпат, мағшуғ/мағшұғ, мантиқ/мантық, махсус/махсұс, махфуз/махфұз, машғұл/мәшғұл, мәзкүр/мазкур, мәләйік/мәлеик, миллат/милләт, муафиқ/муафық, муқарраб/мұқарраб, мүшрік/мүшірік, нужум/нүжүм, пәренжі/фәрәнжі, рүкүғ/рукүғ, сұбхан/субхан, тауап/тәуап, шариф/шәріп, шаһид/шәһид, шәукат/шаукат, шиғыр/шиғр, шиит/шиғи, т.б. Жазылымда бір сөзді осылайша бірнеше фонетикалық варианттарымен әрқалай жаза беру емле ережесіне қайшы нәрсе. Дұрыс болып танылмайды.
Алдағы уақытта жаңа латын графикасымен шығатын «Орфографиялық сөздікте» мынадай мәселелер басты назарда болғаны жөн:
1) Соңғы жылдары жиі қолданысқа ене бастаған діни атаулардың дұрыс деп танылған вариантын сөздікке енгізген дұрыс. Себебі, бұл тәрізді сөздер әртүрлі нұсқада тұрақты түрде қолданылып келеді. Мысалы: кәниса/каниса (шіркеу), кәшиш/кашиш (поп, шіркеу қызметкері), муазин/муәзин (намазға шақырушы, азан айтушы), һауиа/Һәуиә (тозақ аты), т.б.
2) Қазіргі әдеби тілде қолданылмайтын алайда, жарыққа шығып жатқан ауыз әдебиеті шығармаларында жиі кездесетін ескі кітаби тіл бірліктерінің бір варианты «Орфографиялық сөздікке» енгізілгені дұрыс. Өйткені нормаландыру принципі қолға алынбағандықтан, жарыққа шығып жатқан кітаптарда көнелік формалар әртүрлі нұсқалармен көпшілікке ұсынылып келе жатыр. Мысалы: бекем сөзінің махкам, мехкам, мәхкәм; дәрет сөзінің таһарат, тахарат, шадияр сөзінің шаһариар, шәһәриар, шарияр, шариар, шәриар т.б.
3) Соңғы шыққан «Орфографиялық сөздікте» көрсетілген нұсқасы бола тұра, екінші дыбыстық нұсқаларының да қатар қолданыла беру жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы: ажуа/әжуа, байтолла/байтулла, бәдеуи//бәдәуи, жәһіл/жаһил/жәһил, рәкат/ракағат/рәкағат, рубай/рубаи, нәмақұл/намақұл, тәйем/тайаммом, сәргәрда/сәргарда, кәләндер/кәләндар, т.б. Соңғы шыққан «Орфографиялық сөздікте» бұл сөздердің бірінші тұрған нұсқалары берілген. Алайда сөздікте көрсетілген нұсқа емес, керісінше, екінші нұсқаның қолданым аясының кеңдігіне біз зерттеу барысында көз жеткіздік, яғни екінші варианттары басым қолданыста. Сондықтан екінші нұсқаларын «Орфографиялық сөздікке» алу керек.
4) Қазіргі таңда, бұрын х-мен таңбаланатын біраз сөздерді қ әрпімен жазып жүрміз. Осы қаншалықты дұрыс? Мәселен, қазақ тілінің «Орфографиялық сөздігінде» қ әрпімен беріліп жүрген сөздердің басқа түркі тілдеріндегі таңбалануы мынадай:
қазақ |
түрік |
әзербайжан |
түрікмен |
өзбек |
РҰҚСАТ |
ruhsat |
rüsxәt |
rugsat |
ruxsat |
РАҚМЕТ |
rahmet (рақым ету), teşekkürler |
rәhmәt |
rаhmаt |
|
РАҚАТ |
rahat |
rahat |
rahat |
rahat |
РАҚЫМ |
rahim |
rәhm |
rehim |
rahm |
Кестеден көріп тұрғанымыздай, төрт тілде де х таңбасымен беріледі екен. Қазақ тілінде бұл сөздерді қ-мен таңбалағанымызбен сұхбат, рух, рухани, ахуал, сахаба, махшар, хұсни сөздері орфографиялық сөздікте х әрпімен берілген. Рақат, рақмет, рақым сөздеріндегі х дыбысы мен сұхбат, рух, рухани, ахуал, сахаба, махшар, хұсни деген сөздердегі х дыбысы түпнұсқа араб тілінде бір ғана таңбамен дыбысталады, бір-бірінен айырмашылығы жоқ дыбыстар. Бұл бір. Екіншіден, ауызекі сөйлеу кезінде қ-дан гөрі, х-мен дыбыстайтынымыз анық. Алдағы уақыттарда латын графикасымен жарыққа шыққалы отырған «Орфографиялық сөздікте» қ/х сәйкестігіне қатысты сөздерді қайтадан мұқият тексеруден өткізген абзал.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әртүрлі нұсқада таңбаланып жүрген және орфографиялық сөздікке ендірілмеген ескі кітаби лексика мен араб, парсы сөздерінің саны 370-ке жуық. Ол сөздердің барлығын орфографиялық сөздікке алу керек деуден аулақпыз. Алайда қисса-дастандарда, ауыз әдебиеті жырларында, жыраулар поэзиясында, жазба мұраларда, қазір шығып жатқан діни кітаптар мен БАҚ құралдарында тұрақты түрде әрі жиі ұшырасатын бірліктерді іріктеп, олардың жазылым нормасын орфографиялық сөздікке ендіріп, көпшілікке ұсынған абзал деген ойдамыз. Ондай сөздердің ішінде қай нұсқасын сөздікке ендіру керек, қай нұсқаның емлесі дұрыс деген мәселе өз алдына бөлек зерттеуді талап етеді. Яғни сөздікке нақты алынатын нұсқаны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына, қосымша жалғану тәртібіне, қолданым жиілігіне қарай анықтау ісі мұқият жүргізілуі шарт.