Жексенбіде "Единая Россия" партиясы мүшелерінің алдында сөйлеген Владимир Путин Ауғанстандағы тәліптер режимінен қашқан босқындарды АҚШ пен Еуропа визасын алғанға дейін Орталық Азия елдеріне орналастыра тұру жөніндегі Батыстың ұсынысын сынады.
Ресей президенті бұл идеяны "қорлау" және "Ресей қауіпсіздігіне қатер төндіру" деп бағалады.
"Ауғанстан туралы қазір ғана айтылды. Бұл біздің қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар", - деді ол партия өкілдерімен кездесуде.
Путин Батыс елдері АҚШ пен басқа елдерге виза алмастан бұрын, босқындарды Орталық Азия елдеріне орналастыру мәселесін табанды түрде көтеріп отырғанын атап өтті.
"Бұл дегеніміз, олар өздеріне босқындарды визасыз қабылдағысы келмейді, бірақ Орталық Азия елдері визасыз уақытша орналастыруын сұрап отыр. Бұл - мәселені шешудің жолы емес, жалпы негізде қорлық қой", - деп жалғастырды Путин.
Оның айтуынша, бұл мәселе дүйсенбіде ҰҚШҰ елдері басшылары мен басқа да орган мүшелерінің кездесуінде талқыланатын болады.
"Елестетіп көріңізші, бұл елдердің кез келгеніне босқындар кірді делік. Ол босқындардың ішінде кімдер барын біз қайдан білеміз? Олар мың немесе жүздеген мың, тіпті миллион болуы мүмкін. Ал біздің одақтас және көршілес елдермен ешқандай визалық шектеуіміз жоқ және мыңдаған шақырым шекарамыз бар. Шекара болғанда қандай? Машинаға отыр, есекке отыр, әйтеуір бір көлікке отырып, даламен кете бер... Оны біз қалай реттейміз?", - дейді Ресей басшысы.
Ол Кавказдағы оқиғалардың қайталануынан да сескенетінін жасырмады.
"Біз босқындардың кейпіне еніп, елімізде қайтадан содырлардың пайда болғанын қаламаймыз. Біз қайтадан 90-жылдардың ортасы мен екі мыңыншы жылдың басында болған оқиғалардың көрініс табуына қарсымыз. Ешкім ол кезеңге оралғысы келмейді. Бізге де Сирия мен Ауғанстанның элементтері (қылмыс) қажет емес" деген Путин Орталық Азия елдері шекарасының "ашықтығын" еске алды.
Ал, бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Путин мен "Единая Россия" өкілдері арасындағы кездесуде "Талибан" соғысты тоқтату және Ауғанстандағы ұлттық диалогты бастау туралы уәделерін әлі де орындап жатқанын мәлімдеп, елдің негізгі өкілдерімен алғашқы байланыстарды бастағанын айтқан еді.
Айта кетейік, тамыздың ортасынан бастап Ауғанстанның мыңдаған азаматы тәліптерден қауіптеніп, елден шығып кетуге жанталасып жатыр. Олар Ауғанстанның негізгі бөлігіне бақылау орнатқан тәліптердің "қуғындамаймыз" деген уәдесіне де сенбейді.
АҚШ, Ұлыбритания мен Еуропаның кей елдері Ауғанстан босқындарын қабылдауға дайын екенін хабарлады. АҚШ бұған дейін Еуропаның бірқатар елдеріне ауған босқындарын уақытша апарып, кейін Америкаға алып кетуге уәде берген.
