Белгілі қазақстандық әнші, «Голос. Дети» байқауының алтыншы кезеңінің жеңімпазы Ержан Максим елордада балалар үйлеріне барып, өз концертіне тегін билет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астаналық балалар үйінде 66 бала, SOS-балалар ауылында - 50 бала тәрбиеленіп жатыр.
«Мен сіздерді өз концертіме шақыру үшін арнайы келдім. Сыйлыққа балмұздақ әкелдім. Баршаңызды алғашқы концертіме шақырамын», - деді әнші.
Әнші «Голос. Дети» байқауына қалай қатысқанын, В. Меладземен қалай жұмыс істегенін, бос уақытында немен айналысатынын айтып берді.
Балалар әншіге өз сұрақтарын қойып, естелікке фотосуретке түсті.
Айта кетейік, Ержан Максим елордада өзінің алғашқы жеке концертін береді. Концерт 28 маусым күні «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Сәкен Майғазиев, Ұлықпан Жолдасов, Ренат Ғайсин, Мөлдір Әуелбекова, Айқын Төлепберген сынды белгілі әншілер кеш қонақтары болмақ.
Бұған дейін Ержан Максим Ресейдің Бірінші арнасының «Голос. Дети» конкурсының жеңімпазы атанған еді.