ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов ұлттық біліктілік жүйесіндегі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық біліктілік жүйесі - білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін тетік. Бүгінде мынадай проблемалар бар: біліктілікті тану амалдарының әртүрлі әрі жүйесіз тәсілі; сертификаттауды өткізу сапасы бойынша бақылаудың болмауы; сондай-ақ біліктілікті тану жүйесін дамыту үшін ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі. Сондықтан біз мынадай міндеттерді шешуге тиіспіз: біліктілікті танудың қолданылатын барлық тәсілін заңнамалық тұрғыда бекіту; білім беру саласындағы атлас енгізу; біліктілікті тану жүйесіне кіру үшін ынталандыру іс-шараларын айқындау. Осы іс-шараларды жүзеге асыру ұлттық біліктілік жүйесінің барлық элементтерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқықтық базаны құруға, сондай-ақ біліктілікті тану жүйесін реттеуді біріздендіруге ықпал етеді», - деді вице-министр Мәжілісте жұмыскерлерді қайта оқыту және олардың дағдыларын тұрақты жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерге арналған дөңгелек үстел отырысы барысында.
Сонымен қатар ол аталған бағытта жүргізілген жұмыстарға тоқталып өтті.
«Біз салалық мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен бірлесіп, Ұлттық біліктік жүйесін дамыту аясында 589 кәсіби стандартты әзірледік және бұйрық арқылы бекіттік. Осы кәсіптік стандарттардың негізінде 250 білім беру бағдарламасы жаңартылды. Техникалық және кәсіптік білім деңгейлері 102 үлгілік оқу бағдарламасын өзектендірді. Сонымен қатар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, экономиканың 9 саласынан тұратын «Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар мен біліктіліктер атласын» жасадық. Биыл да ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасатын болады»,- деді Ержан Біржанов.
