12 қыр, 2019 сағат 19:13

Ертісбаев «Хабарда» ток-шоу жүргізбек

Елордада «Хабар» агенттігінің жаңа телемаусымы таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жаңа маусымда агенттік 11 жаңа сериал ұсынады. Оның үшеуі - «Қаламгер», «Бекзат» және «Батырлар жолы» толықметаржды фильм ретінде ел кинотеатрларынан көрсетіледі. Осы жексенбіде назарларыңызға «Central Asia`s Got Talent» ауқымды халықаралық шоуы көрсетіледі. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері өнер көрсетеді. Сонымен бірге, көпшіліктің көңілінен шыққан «Топжарған» шоуының екінші маусымын бастаймыз», - деді «Хабар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин «Қазмедиа» орталығында өткен тұсаукесерде.

Оның айтуынша, жаңа маусымда «Хабар» жаңалықтар беру тәсілін өзгертеді және өткір тақырыптарды көтереді.

«Жаңа маусымда жаңалықтар беру тәсілі өткірлеп, сараптамалар тереңдей түседі. Біз қала, аудан, облыс тұрғындарына өз әкімдерін бағалау мүмкіндігін береміз. Мұндай бағдарламалар көп болады. Еліміздің белгілі тұлғасы Ермұхамбет Ертісбаев жүргізетін жаңа саяси ток-шоу да қызығушылық тудырады. Агенттік Еуропалық хабар тарату одағының мүшесі болғандықтан, Қазақстан Балалар Eurovision байқауының қатысушысы атанды. Еліміздің намысын биыл Ержан Максим қорғайды», - деді Агенттік төрағасы. 

Сондай-ақ, «Хабар» жаңа тележүргізушілерді табу мақсатында  Live форматында жалпыреспуликалық кастинг жүргізеді. Тілек білдірушілер әлеуметтік желіде өздерін көрсетуі тиіс.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Телерадио кешенінің бас директоры болған Ерлан Бекхожин тамыз айында «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалған еді. «Хабар» Агенттігі құрамында республикалық «Хабар» мен «Хабар 24», «Kazakh TV» және «EL ARNA» телеарналары бар.