19 ақп, 2019 сағат 16:29

Ермек Тұрсынов: Қазір бүкіл шоу-бизнес пен КВН жұлдыздары киноға лап қойды

Қазақстан кинематографистері одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов отандық киноның келешегі туралы сөз қозғап, «Қазақфильмге» байланысты  вайнер Мейіржан Төребаевтың сынына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта бүкіл шоу-бизнес, бүкіл КВН, әншілер киноға лап қойды. Ал мен олардың өнімдерін бес минуттан артық уақыт қарай алмаймын.

...Әлеуметтік желіде бір вайнердің (М. Төребаев) видеосы жүр. Біріншіден, жалпы, ол вайнер қалайша ол мінберге тап болды? Екіншіден, ол бір сөзімен бүкіл кинематографистер одағына тіл тигізіп отыр. Ал, мен одақтың басшысы болғандықтан, өзімізді қорғағым келеді», - дейді Ермек Тұрсынов Астанада өткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Режиссердің айтуына қарағанда, кино туралы талқыланатын болса, ең алдымен Асанәлі Әшімов секілді халық мойындаған азаматтарды тыңдау керек.

«Мен сол вайнерге жауап бергім келеді. Бәрі бір-бірімен байланысты. Бүгін түсіріліп жатқанның бәрі кино емес. Кітап дүкеніне түсіп жатқанның бәрі де әдебиет емес, былайша айтқанда... Ол жаққа кірсең, Мұхтар Әуезов, Мұқағалиларды көресің. Ал, қалғандары... Біз мында бәріміз - облыстық мәдениет басқармалары басшылары түгел жиналдық. Не дегім келеді: жастармен кездесу керек. Адамдарды шақыру керек. Олардың бәрі де әлеуметтік желіде. Біз болсақ, әңгімені осында талқылап жатырмыз», - дейді режиссер.

Ермек Тұрсыновтың айтуынша, қазіргі зиялы қауым өкілдері жастармен әлеуметтік желі арқылы тілдесе білуі керек.

«Менің ойымша, ұлт мәдениеті - жастардың өз тарихына көзқарасымен өлшенеді. Өткенге тас атуға болмайды. Ол Шәкен Аймановты да, Сұлтан Қожықовты да аямады. Бізді қойшы... Бізде кино бар. Дарынды жастар жетерлік. Жаннат Алшанова, Данияр Саламат деген мықты жастар өсіп келеді. Оларды ешкім тани да бермейді. Себебі, олар ұяң әрі еңбекқор», - деп түйді сөзін режиссер.