22 жел, 2020 сағат 11:55

Тұрғымбаев ішкі істер органдарындағы реформалар туралы айтты

Алматыда «Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел барысында, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарындағы реформалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы Елбасы ішкі істер органдарын кең ауқымды реформалауды бастады. Биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында полиция қызметін қызметтік модельге ауыстыруды тапсырды. Президент тапсырмаларының мақсаты - халықтың сеніміне ие ішкі істер органдарының заманауи технологиялық жүйесін құру. Реформалардың негізгі құралы 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғыртудың Жол картасы болды», - деді ҚР Ішкі істер министрі. 

Сонымен қатар, атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

«Біріншіден, ішкі істер органдарының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы оңтайландырылды. Басшылық лауазымындағы қызметкерлер 11% -ға қысқарды. Бүгінгі таңда 100 мың тұрғынға шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны бойынша біз орташа еуропалық деңгейдеміз», - деді ол.

Екіншіден, министрдің айтуынша, қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесі жақсаруда. Бірінші кезеңде, 2019 жылдың шілдесінен бастап жалақы 20-65% -ға көтерілді. Екінші кезеңде, 2021 - 2023 жылдары жалақыны орта есеппен 30% көтеру жоспарланып отыр. Баспананы жалға алғаны үшін өтемақы берілетін қызметкерлердің тізімі де кеңейтілді.

«Үшіншіден, кадрларды іріктеу және оқыту жетілдірілді. Біз ведомстволық білім беруді оңтайландырдық. Яғни, 12 оқу орнынан 5 оқу орнын қалдырдық. Төртіншіден, қыркүйек айында Мемлекет басшысының Жарлығымен азаматтық қорғау саласындағы функциялар жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бесіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтары енгізілді.

«Бірінші кезекте, ашық диалог ұйымдастырылды. Ол үшін біз бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет кеңістігін, «Жолда қабылдау» акцияларын қолданамыз. Азаматтарды қабылдауға барлық жағдай жасалды. Бүгінде тұрғындардың сауалдарына жедел жауап қайтарылады», - деді ішкі істер министрі.

Қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту бойынша, 2019 жылдың мамыр айында халықаралық форум өтті. 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған Заң аясында бірқатар әзірленген шешімдер іске асырылды, сотталғандардың құқықтарын жақсартуға бағытталған 33 түзетулер енгізілді.

«2014 жылдан бастап сотталушылардың азаюына байланысты қылмыстық-атқару жүйесінің 14 мекемесі таратылды. Қазір біз Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының басшылығымен Мемлекет басшысының полиция қызметін қызметтік модельге ауыстыру туралы тапсырмасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап өтті ішкі істер министрі.