ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында айтылған шекаралық аудандар мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасын дайындау туралы тапсырма берген болатын.
«Шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Президент.
Осы проблеманы Ұлттық кеңес құрамында жүріп белсенді көтерген Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш түйткілдің түйінін тарқату туралы идеяларын айтты.
«Бүгін дүнежүзінде өте күрделі геосаяси процес болып жатыр. Ірі-ірі мемлекеттердің арасында кейбір келіспеушіліктер бар. Сонымен бірге адамзат басқа бір геосаяси, геоэокономикалық формацияға өтіп бара жатыр. Соның бәрі біздің сыртқы, ішкі шекараларымызды нығайтуды талап етеді. Осы тұрғыдағы ең негізгі мәселе – шекаралық аймақтардағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуын шапшаңдату. Әрбір мемлекеттің ең негізгі капиталы – адам. Адамдар ғана мемлекеттің «материалдық иммунитеті» бола алады. Шекарада халық болғанда ғана оның қауіпсіздігіне кепілдік бар. Сондықтан біз ең бірінші шекаралық аудандарға адам ресурсын шоғырландыруымыз керек», - дейді депутат.
Мәжіліс өкілі шекаралық аудандардың жағдайымен арнайы барып танысқан кезде бірнеше жүйелік проблемаларға куә болғанын айтады.
«Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік бөлігіндегі бұрынғы Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарынан халық тоқтаусыз көшіп жатыр. Сол жаққа халықты қайтадан апарып, тұратындай жағдай жасау керек. Ол үшін сол жаққа адамдар тұратындай етіп экономикалық жағдай жасап, инфрақұрылымын қалыпқа келтіру қажет. Мысалы, Күршім ауданындағы Жауғашты, Зайсандағы Үйдене, Тарбағатайдағы Қандысу және Қарғыба бөгеттерінің бәрі апаттық жағдайда тұр. Соларды жөндеу керек», -дейді ол.
Ұлттық кеңес мүшесі шекаралық аудандардағы көштің бағытын кері бұру үшін заманауи игіліктердің бәрін ауылға орнату керектігін атады.
«Қазір шекаралық аудандарда нтернет жоқ. Қытайдың ұялы байланысы ғана істеп тұр. Міне осыны қалыпқа келтіру керек. Ондай аудандардың бәрін Қазақстанның ақпараттық аймағына қайтадан енгізу керек. Яғни, олар қайтадан отандық телевидениені көріп, Қазақстанның ұялы операторларының қызметін тұтынуы керек. Жол салу да өзекті мәселе. Жергілікті жолдарды күрделі жөндеуден өткізіп, асфальт төсеп беру қажет. Содан кейін ол жаққа адамдарды көшіру үшін үйлерді көптеп салып, шетелден келген ағайындарымызды тұрғызу мәселесін қарастырған дұрыс деп ойлаймын. Ең негізгісі – кезінде жабылып қалған Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарын қайта ашу керек», - деді Ерлан Саиров.