Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Парламент Мәжілісінің қабырғасында бүгін парламенттік оппозицияға қатысты заң жобасынан бөлек тағы да маңызды заңдар қаралғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Мәжіліс депутаттарының парламенттік оппозиция институтын енгізу туралы заң жобасын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кең ауқымда талқылап жатыр. Алайда бүгін Мәжіліс депутаттары президенттік саяси реформалардың бірқатар маңызды заң жобаларын мақұлдағанын атап өту керек. 2019 жылдың қыркүйек айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында белгілі заңгер, құқық қорғаушы Айман Омарова Қылмыстық Кодекстің 130-бабын (жала жабу) декриминализациялап, 174-бапқа (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, мүліктік немесе діни алауыздықты тудыру) өзгеріс енгізуді ұсынған еді. Оның бастамасын Ұлттық кеңеске мүше Ерлан Саиров, Мұрат Әбенов, Мұхтар Тайжан, Михаил Дорофеев, Марат Шибұтов, Андрей Чеботарёв, Талғат Қалиев, Айдос Сарым және басқа да бірқатар азамат қолдаған болатын. Бұл мәселелер Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын қарау жоспарына енгізілді. Әйтсе де бірқатар мемлекеттік орган бұл норманы күшінде қалдыруға немесе ішінара декриминлизациялауды ұсынған еді», - деп жазады Мемлекет басшысының кеңесшісі Facebook -тегі парақшасында.
Ерлан Қариннің жазуынша, осы талқылаулардың нәтижесінде 2019 жылдың желтоқсанында Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық Кодекстің 130-бабын толығымен декриминализациялау туралы шешім қабылдаған. Президент сонымен бірге 174-бапты ізгілендіруді, қолданыстағы редакцияны түзетуді ұсынған. Қаңтарда тиісті заң жобасы әзірленіп, ол басқа заң жобалары сияқты әртүрлі қоғамдық орындарда және Парламент қабырғасында талқылаулар мен пікірталастардан өткен.
«Міне, бүгін бірнеше айға созылған қызу талқыдан кейін Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Депутаттардың бастамасымен «жала жабу» бабы толығымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енгізілді. Дәл осы заң жобасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 174-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Кейбіреулер бұл баптағы өзгерістер тек редакциялық өзгертулермен ғана шектелді деп санайды. Әйтсе де олай емес. Іс жүзінде Президент бұл бапты ізгілендіруді текке ұсынған жоқ. Мемлекет басшысы бірінші кезекте бас бостандығынан айырудан басқа жауапкершілік шараларын қарастыруды ұсынды», - дейді ол.
Президенттің кеңесшісі жаңа түзетулерге сәйкес, бұл бап 2000-нан 7000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды қарастыратынын (қазір 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу ғана) жеткізді.
«Осылайша бастамалардың саяси блогынан басқа (партиялар, сайлау туралы және парламенттік оппозиция институтын енгізу туралы) біздің құқық қорғаушылар мен журналистердің басқа да ұсыныстары жүзеге асырылуда. Бұл заң жобалары енді Парламент Сенатында талқыланады», - деп түйді Ерлан Қарин.