Еркін күрестен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатына қатысатын балуандардың есімдері белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитет хабарлағандай, команданы толық жасақтау үшін бірнеше салмақтағы балуандар арасында қосымша белдесулер өткізілген. Нақтылап айтар болсақ, бапкерлер кеңесі 65, 86, 92 және 125 кг үздік балуанды анықтау үшін қосымша белдесулер ұйымдастырды.
65 келіде Дәулет Ниязбеков пен Саятбек Оқасов күресіп, тәжірибелі Дәулет жеңіске жетіп, аталған салмақта әлем чемпионатынада ел намысын қорғамақ.
Сондай-ақ, 86 келідегі Әділет Дәулембаев пен Азамат Дәулетбеков арасындағы белдесудің жеңімпазы болып Әділет Дәулембаев танылды. 92 келідегі Ералы Әбдірашев пен Нұрғали Нұрғайыпұлының арасындағы кездесу соңғысының жеңісімен аяқталса, 125 келіде Олег Болтин Юсуф Батырмұрзаевтан басым түсті.
Осылайша, әлем чемпионатына қатысатын балуандар толығымен белгілі болды.
Еркін күрестен лицензиялық әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі:
57 келі: Нұрислам Санаев
61 келі: Расул Қалиев
65 келі: Дәулет Ниязбеков
70 келі: Нұрғожа Қайпанов
74 келі: Данияр Қайсанов
79 келі: Ғалымжан Өсербаев
86 келі: Әділет Дәулембаев
92 келі: Нұрғали Нұрғайыпұлы
97 келі: Әлішер Ерғали
125 келі: Олег Болтин
Айта кетейік, күрес күрес түрлерінен (грек-рим, еркін және әйелдер күресі) әлем чемпионаты алдағы 14-22 қыркүйек аралығында елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Бұл турнир Жапония астанасында өтетін Токио-2020 Олимпиадасына алғашқы іріктеу сайысы болмақ.
Әлем чемпионатында Олимпиадалық ойындарға жолдама алу үшін елімізге жүзге тарта елден мыңға жуық балуан келеді деп жоспарланған.