19 қыр, 2019 сағат 14:05

Еркін күрес шеберлері елордадағы Әлем чемпионатын сәтті бастады

Елорда төрінде күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық Әлем чемпионатында бүгін қазақстандық еркін күрес шеберлері жарысты сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еркін күрестен ерлер арасындағы 65 келі салмақ дәрежесінде үш дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы қазақстандық Дәулет Ниязбеков алғашқы белдесуінде тайпейлік қарсыласын 10:0 есебімен ұтты.

Сондай-ақ, еркін күрестен 57 келіде белдескен тағы бір отандасымыз Нұрислам Санаев та алғашқы белдесуін жеңіспен бастады. Ол бірінші белдесуінде молдовалық Анатолий Бурьяннан 11:0 есебімен айласын асырып, келесі айналымға өтті.

Ал әйелдер күресінен бүгін 68 келідегі Ирина Казюлина алғашқы белдесуінде тайпейлік спортшыдан басым түсті. Өкінішке қарай, құрамадағы жас балуандарымыздың бірі 65 келідегі Айна Теміртасова жарыс жолынан шығып қалды. Ол жұбаныш белдесуінде болгариялық қарсыласынан 1:6 есебімен ұтылды.

Елордамызда өтіп жатқан Әлем чемпионатын «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.

Айта кетейік, бүгін әйелдер күресінен 62, 68 келі, еркін күрестен 57, 65 келі салмақ дәрежелеріндегі финалистер анықталады. Сондай-ақ, әйелдер күресінен 57, 59, 65 және 76 келідегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болады.