Қазақстанның бочча федерациясының қолдауымен түсірілген «Ерекше» фильмі көрермендердің жоғары қызығушылығын тудырды. Kinopark Theatres желісінде прокат кезінде жиналған 165 млн теңге мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау эндаумент-қорына аударылды.
Фильм идеясы 2021 жылдан бері елімізде паралимпиадалық бочча спортын дамытып келе жатқан Қазақстанның бочча федерациясында пайда болған. Kinopark Theatres бастаманы қолдап, түсірілімді қаржыландырды. Серіктестердің ортақ мақсаты – ерекше спортшылардың өмірін кең аудиторияға таныстырып, қазақстандық қоғамдағы инклюзия тақырыбына назар аударту.
“Қазіргі уақытта біз фильмді Моңғолия кинотеатрларында көрсету мәселесін пысықтап жатырмыз, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Жапония дистрибьюторларымен келіссөздер жүргізілуде. Моңғолия тарапымен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді: қазіргі таңда туындыны моңғол тіліне дыбыстау процесі жүріп жатыр және жақын арада фильм осы елдің экрандарына шығады”, – деді Kinopark Theatres өкілі Ерлан Бұқарбаев.
Фильмге бочча спортын жай ғана спорт емес, әлемге ашылған жалғыз терезе, өзін дәлелдеудің мүмкіндігі деп қабылдайтын спортшылар қатысты. Олар физикалық шектеулер үлкен арманға кедергі емес екенін көрсетіп келеді. Ал таяуда қазақстандық боччашылар Астанада өтетін беделді халықаралық турнирге қатысады.
“Маусым айында Қазақстан астанасы Astana 2026 World Boccia Cup турнирін қабылдайды. Жарысқа 24 елден 90 параспортшы мен 140 еріп жүруші келеді. Турнир «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді. Бұл біз үшін маңызды кезең. Өткен жылы Astana 2025 World Boccia Challenger турнирін жоғары деңгейде ұйымдастырғанымызды Халықаралық бочча федерациясы (BISFed) ресми түрде атап өтті. Осындай ауқымды жарыстарды өткізу Қазақстанның жаһандық параспорттық іс-шараларға дайын екенін көрсетіп, инклюзивті спорт пен халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадамға айналып отыр”, – деді Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы Нұргүл Ұлжекова.
Ұйымдастырушылар ел намысын қорғайтын отандық спортшыларды дайындауға да ерекше назар аударып отыр. Қазақстандық боччашылардың шеберлік деңгейінің өсіп келе жатқанын халықаралық аренадағы жетістіктер де дәлелдейді.
“Қазіргі таңда бочча ұлттық құрамасының сапында шамамен 50 спортшы бар. Осы уақытқа дейін біздің атлеттер халықаралық жарыстарда 4 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды”, – деді Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова.
Фильм туралы
«Ерекше» фильмі махаббат пен адалдық, сатқындық, рух күші, жеңіске деген жігер және әлемді өзгертудің жолы алдымен өзіңді өзгертуден басталатыны туралы баяндайды. Сюжет ортасында – бочча спортымен айналысатын церебралды сал ауруына шалдыққан жасөспіріммен танысқаннан кейін өмірі өзгеретін Арман есімді жігіт. Ортақ сынақтар, жаттығулар мен жеңіс жолындағы күрес арқылы кейіпкер рухани құндылықтарын қайта тауып, өмірдің жаңа мәнін табады.
Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Сценарий авторы – Сержан Серікбай, режиссері – Ернар Нұрғалиев.
«Ерекше» фильмінің премьерасы 2026 жылғы 19 наурызда Қазақстанның барлық өңірінде өтті және көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. kino.kz билет сату сервисінің мәліметінше, фильм жүздеген оң пікір жинап, 8,5 рейтингке ие болған.
Анықтама:
Бочча 1984 жылдан бері Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген. Бұл спорт түрі ауыр формадағы мүгедектігі бар адамдарға, соның ішінде церебралды сал ауруы мен бұлшықет дистрофиясына шалдыққан жандарға қолжетімді. Қазіргі таңда Қазақстанның бочча федерациясы 13 өңірдегі 250-ден астам спортшыны біріктіреді. Оның 47-сі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр.
