Фото: ticketon.kz
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 13 мамыр күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Халық қаһарманы Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шара барысында байқаудың екінші кезеңі, қатысушылар құрамы, қазылар алқасының жұмысы және алдағы Гала-концерт туралы кеңінен ақпарат берілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отырған халықаралық вокалдық конкурс екінші рет өткізіліп отыр. Жоба жас орындаушыларды қолдауға, олардың кәсіби шеберлігін арттыруға және қазақ вокал өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.
Конкурсқа Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Түркия, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінен 137 өтінім қабылданды. Алғашқы онлайн кезеңнің қорытындысы бойынша 20 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды.
13 мамыр күні өтетін екінші кезеңде қатысушылар Роза Бағланова репертуарындағы шығармаларды орындап, кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу және оны жас буын арасында кеңінен насихаттау.
Баспасөз конференциясына қазылар алқасының мүшелері қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Лаки Кесоглу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болатбек Букенов, Жеңіс Ысқақова, Сембек Жұмағалиев және Қырғыз Республикасының халық әртісі Рыскелді Осмонқұлов бар.
Сонымен қатар іс-шараға Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен келіні Марал Бағланова қатысты. Байқау аясында Роза Бағланованың отбасы конкурсқа арнайы сыйлық ұсынбақ.
14 мамыр күні өтетін Гала-концерт барысында байқау жеңімпаздарының есімдері жарияланып, лауреаттарға арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталады.
Конкурсты ұйымдастырушы – Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы.
