30 мау, 2020 сағат 17:38

Энергияға тарифтің қымбаттауынан тауардың бағасы артады – сарапшы

1 шілдеден бастап электр энергиясы бағасының қымбаттауы - энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік беретін шара. Мұндай пікірді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма мүшесі - қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, электр энергиясына тарифтің артуына негізгі себеп - энергияны өндірудің өзіндік құнының осы күнге дейін бекітілген шекті тарифтен төмен болып келуі. Қазіргі уақытта энергияның өзіндік құны 9 теңге болса, тариф 7,7 теңге мөлшерінде бекітілген. Мұндай жайттың орын алуына электр энергиясын тұтыну көлемінің жылдан-жылға артуы, соған орай мазут пен көмір тасымалы құнының қымбаттауы себеп болып отыр. 

«Тарифтің артуы барлық стансалардың жұмыс жағдайына септігін тигізеді. Стансалардың тоза бастауы үнемі инвестиция салуды қажет етеді. Осы ретте тарифтің көтерілуі барлық стансалардың жұмыс істеп тұруына септігін тигізеді. Бұл шаралар энергиялық қауіпсіздікті сақтауға, стансалардың жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына тоқтап қалмауына септігін тигізеді. Сондықтан тарифті көтеруден жалтара алмаймыз. Толықтай айтса, бұл - Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі», - деді Айдар Рысқұлов. 

Сонымен қатар ол электр энергиясы бағасының көтерілуі дәл осы қызмет түрін тұтынатын кәсіпорындар шығаратын соңғы өнім бағасына да әсер етуі мүмкін екендігін жоққа шығармады. 

«Қазақстанда электр энергиясын тұтыну өзге де соңғы өнімдердің өзіндік құнының артуына алып келеді. Өйткені, электр энергиясынсыз қандай да бір өнім шығару мүмкін емес. Электр энергиясының құны нақты өнімнің өзіндік құнына да тікелей әсер етеді. Бір жағынан алып қарағанда, тарифтің қымбаттауы энергияны үнемдеуге де септігін тигізеді деп санаймыз. Яғни, адамдар электр энергиясын үнемдеуге дағдыланады», - деді ол.