17 ақп, 2023 сағат 15:28

Енді жеңілдетілген несиемен көлік алу бағдарламасына қаржы құймаймыз – Скляр

Фото ашық дереккөзден алынды

Үкімет жеңілдетілген несиемен көлік алу бағдарламасына енді қаражат салмайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Сенаттағы парламенттік тыңдаудан кейін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy порталы.

Айта кетейік, осыған дейін Үкімет бұл бағдарлама үшін бюджеттен - 88 млрд теңге, утилизациялық алымнан жиналған қаражаттан 100 млрд теңге салған еді.

«Осылайша, бағдарламаның айналымында 188 млрд теңге жатыр. Бағдарламаға деген сұраныс әрине жоғары, бірақ оған салған осы 188 млрд теңге жеткілікті. Алдағы уақытта біз бұл бағдарламаға ақша құймаймыз. Өйткені Үкіметтің атқаратын басқа да маңызды міндеттері бар. Бағдарлама орындалды деп санаймын», - деді Скляр журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 6 ақпанда осы бағларламаға өтініш беру ашылған болатын. Бірақ өкініштісі, бағдарлама басталмай жатып сынға ұшырады. Өйткені жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына өтінім беру небәрі 18 секундта аяқталып, көп азамат өтініш беріп үлгермегенін айтады.