Музыкалық жас көрермен театрында Н.Мошинаның «Дүние-Ғапыл» метафизикалық драмасының премьерасы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Музыкалық жас көрермен театры көрермен назарына «Дүние-Ғапыл» метафизикалық драмасының премьерасын ұсынды. Орыс драматургы Наталья Мошинаның «Свет» атты шығармасынан қазақ тіліне алғаш рет аударған – Асхат Маеміров. Осылайша, «Дүние-Ғапыл» қойылымы қазақ театрының сахнасында көрерменге жол тартты. Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, музыкамен көркемдеген және режиссердің ассистенті – Мекан Жұмабаев, бас хормейстер – Н. Тілендиев атындағы II Республикалық дерижер байқауының лауреаты- Әлихан Ыдырысов, костюм суретшісі – Іңкәр Каримова, жарық суретшісі – Айдын Досаев, дыбыс режиссері – Сабина Ильясова, режиссердің көмекшісі – Ерназар Жаңатілек.
Оның жанры – метафизикалық драма. Метафизика – барлық нәрсенің арғы жағында көрінетін және көрінбейтін шындық. Түпкі мағынасында «физикадан кейін келетін» дегенді білдіреді. Шығармада барша адамзатқа ортақ тақырыптар - уақыттың қадірі, адамгершілік, әр істелген істің қайыры мен қайтарымы болатыны жайлы айқын көрсетілді.
Қойылымдағы рөлі туралы Маздақ атты кейіпкерді сомдаған театр актері Оразалы Игілік былай сипаттайды: «Маздақ секілді адамдар бұл өмірде кездеседі. Барлық кейіпкелер өмірден алынған. Біз барлығымыз арғы өмірге барамыз. Қойылым философялық ойларға толы. Маздақ балалар үйінде тәрбиеленген, сәби сүйе алмаған. Өмірдің түрлі қиындығын көрген адам. Оның жұбайы Римма екеуі бір-бірін жақсы көреді. Сондықтан олар ажырасып кетпейді».
Қойылым барысында Маздақ (Оразалы Игілік), оның жұбайы Римма (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова), Жасын (Дінислам Нұрмағанбетов), Сүйрік (Диана Асқар) есімді кейіпкерлер демалыс орнына барар жолда жол көлік апатына тап болады. Бұл жерде оларды Ғайып есімді бейтаныс қарсы алады. Кейіпкерлер өлі мен тірі арасындағы уақытты бастарынан өткізеді. Жалпы адамдардың бұл өмірден өтіп, қияметке дейінгі уақытын, екі дүниенің ортасындағы ұзақтығына адамзат ақылы бойлай алмайтын қандай да бір уақыт аралығындағы адам жанының жағдайы, рухының хәлі суреттеледі.