22 там, 2019 сағат 13:57

Елордада Қазақстан-Америка жастары бас қосты

Елордада «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» атты жоба барысында қазақстандық-америкалық жастар форумы өтті. Жиын барысында екі елдің жастар ұйымдары өкілдері өзара тәжірибе бөлісіп, пікір алмасты.

Аталған жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, «Kazakhstan Trade Council» директоры Дэвид М.Валера, MIT университеті қызметкері, жас белсенді Челси Конард, «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова, «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Дәулет Кәрібек және бірқатар белсенді жастар қатысып, сөз сөйледі.

Форум аясында екі ел жастары өздерін қызықтыратын түрлі бағыттар бойынша пікір алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады.  

«Америка мен Қазақстан жастары арасындағы екіжақты байланысты дамытуға өз үлесімді қоса алғаныма қуаныштымын. Қазақстан мемлекет үшін ғана емес, жастары үшін де көп жақсы дүниелер жасап келеді. Негізгі фактор ретінде білім беру саласындағы өте маңызды жобалардың бірі – «Болашақ» бағдарламасын айтар едім. Еуропада және АҚШ-та 13 мыңнан астам жас білім алды. Бұл жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік және болашаққа мықты инвестиция. Бұл – үлкен жетістік», - дейді «Kazakhstan Trade Council» директоры Дэвид М.Валера.

Форумның қорытынды бөлімінде қос тарап екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында «Bolashaq» Қауымдастығы, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» және «Kazakhstan Trade Council»  үшжақты меморандумға қол қойды.

Сонымен бірге «Jas Otan», «Indiana University Fencing Club», «Астана Жастары» және «Words Can Soar» халықаралық ұйымы арасында меморандум жасалды.