07 там, 2019 сағат 15:07

Елордада «Қаламгерлер аллеясы» ашылады

Жаңа аллеяның ашылуы туралы бүгін қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорданың Сарыарқа ауданында орналасқан аллеяны «Қаламгерлер аллеясы» деген атау беруді ұсынамыз. Аллея «Жастар» сарайынан Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрына дейінгі аумақты алып жатыр. Бұл бастаманы Жазушылар одағы мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қолдап отыр. Өйткені аталған орын Абай ескерткішіне, Абай даңғылына, С.Сейфуллин мұражайына жақын орналасқан. Яғни, халық ең жиі аралайтын орындардың бірі», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев мәслихат отырысында.

Оның мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың 24 шілдесінде қалалық ономастика комиссиясының отырысында аталған бастама оң шешімін тапты.

«Сондықтан қалалық мәслихат мүшелері сіздерден Нұр-Сұлтан қаласының «Сарыарқа» ауданында орналасқан атаусыз аллеяға «Қаламгерлер аллеясы» атауын беру туралы ұсынысты қарастырып, қолдау білдірулеріңізді сұраймыз», - деді ол.

Өз кезегінде, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия мүшелері аллеяға «Қаламгерлер» атауын беруді бірауыздан қолдады.