Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күніне орай Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшілігі мен ЮНИСЕФ қоры көші-қон процесіндегі балаларға арналға «балаға достық» бөлмесін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі қатысты.
Жоба Еуропалық Одақ қаржыландыратын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры қолға алған бағдарлама аясында іске асып отыр.
«Көші-қон процесінде көптеген балалар, әсіресе, олар жалғыз жолға шыққан кезде елеулі тәуекелдерге тап болады. Мұндай сәтте достық атмосфераны қалыптастыру өте маңызды. Осындай бөлмелер балаларға олардың қорғауда екен және бұл уақытша болса да қауіпсіз орын екенін көрсету үшін арналған», - дейді ЕО-ның Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссон.
Бағдарлама аясында Нұр-Сұлтаннан бөлек Алматы, Шымкент қалаларын және Түркістан облысын қамту жоспарланған.
«Балаға достық» бөлмелері іске қосылмас бұрын оны «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Қазақстандағы өкілдігі», «Родник» және «Сана Сезім» сияқты үйкіметтік емес ұйымдардың сынағынан өткен. Сынақ кезінде 250-ден астам бала даярлықтан өткен мамандардың қызметіне жүгінген.
«Әр бала отбасыда өмір сүру үшін туған. Алайда, қиын жағдайда ол осы құқығынан айырылса, біз оған жаңа үміт пен жылулық сыйлауға міндеттіміз», - деді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.
Шарада сөз сөйлеген Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Бибігүл Асылова Қазақстан аумағында ешқандай әскери қақтығыс болып жатпаса да, мигрант және босқын балалардың құқықтары мен жағдайларына үлкен көңіл бөлініп отырғанын айтты.
Көші-қон процесіндегі балаларды қорғау бағдарламасының аясында Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ қоры Бангладеш, Мьянма, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиландта осындай «балаға достық» бөлмелерін ашқан.