13 жел, 2023 сағат 15:10

Елорда тұрғынынан 33 млн теңгеге жуық қаржы бопсалағандар ұсталды

Фото: Polisia.kz

Астаналық полицейлер бірнеше жыл бойы тұрғынды қорқытып, 33 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген бопсалаушыларды ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

31 және 46 жастағы екі ер адам елорда тұрғынынан бірнеше жыл бойы ақшаны қорқытып алған. Олар ер азаматты 2019 жылдан бастап психологиялық қысым көрсету және интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбаларды таратамыз деп қорқыту арқылы бопсалаған.

Астана тұрғыны бірнеше жыл ішінде бопсалаушыларға жалпы сомасы 33 млн теңгеге жуық ақша берген. Күдіктілердің бірінің талабын орындау үшін жәбірленуші өзінің Toyota Land Cruiser Prado автокөлігін ломбардқа тапсырып, 10 млн теңге берген.

Ер адам осы жылдың қараша айында, 46 жастағы күдіктінің кезекті бопсалау фактісінен кейін полицияға жүгінген.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалауға қатысы бар екі ер адамды ұстады және қамауға алды.

Күдіктілердің бірі Алматы қаласында ұсталды. Жеке тексеру барысында одан есірткі заты оралған түйіншек тәркіленді. Ұсталған адамның бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.

Астана қаласының полиция департаменті заңнамаға сәйкес ірі және аса ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында жасалған қорқытып алу 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеді.