Ауыл әкімдерін сайлау қаншалықты тиімді және аталмыш формат халықтың мемлекетке сенімділігін қаншалықты арттыратыны жайлы «Ұлытаудың іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльмира Ершұманова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауыл әкімдерін сайлауда енгізіліп отырған жаңа формат ауыл тұрғындарына өз туған жерін көркейтуге және дамытуға зор мүмкіндік сыйлайды, деп есептейді «Ұлытаудың іскер әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Эльмира Ершұманова.
«Ауыл әкімдерінің жаңа форматтағы сайлауы жергілікті басқару мен реформалау стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы айқын көрініс табуда, яғни халыққа ауылды көркейтуге және дамытуға атсалысатын, ел мүддесін қорғайтын ауыл басшысын таңдауға мумкіндік берілуде. Сонымен қатар аталмыш сайлау партиялардың өкілеттігін кеңейту арқылы саяси бәсекелестікті дамытуға септігін тигізбек», - дейді Эльмира Ершұманова.

Спикердің айтуынша, халықтың мемлекетке сенімділігі артып, жариялылық қағидаты та көрініс табады.
«Халыққа осы секілді сайлау форматы өте тиімді, себебі халық жергілікті жердің жыртығын жамап, барын асыратын басшыны өзі сайлайды. Ауыл тұрғындарына мүмкіншілік берілуде, өз еліне адал, мемлекеттің бағдарламасын іс жүзіне асыруға жане орындауға дайын ел азаматын алға тарта алады», - деді ол.
