10 қаң, 2022 сағат 17:05

Еліміздің солтүстік, шығыс және орталығында 30 градус аяз болады


Синоптиктер 11-13 қаңтардағы ауа райына арналған болжамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжауынша, елімізге келген солтүстік-батыс антициклоны аязды тудырады. 

"Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарына әлі де солтүстік-батыс антициклоны ықпал етуде: кей жерлерде 30, жалпы 20-25 С-қа дейін аяз болады. 12 қаңтарда солтүстік және оңтүстік циклондар өздерімен бірге қар, боран әкеледі, сондай-ақ ауа температурасы қысқа мерзімді көтеріледі. Алайда 13 қаңтарда суық солтүстік-батыс антициклоны артқа қарай жылжып, өзімен бірге еліміздің солтүстік-батысы, солтүстік, шығыс және орталыққа қайтадан 30 градусқа дейін аяз әкеледі", делінген хабарламада. 

Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлеріне келетін болсақ, мұнда оңтүстік циклонның әсерінен жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, сондай-ақ ауа температурасының 2-10 градусқа біртіндеп көтерілуі мүмкін.