22 жел, 2020 сағат 07:42

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі егіс алқаптарында қанша су үнемделеді?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі егіс алқаптарында қанша су үнемдеуге болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы вегетациялық кезең тұрақты өтті. Дегенмен де өте шиеленісті болды. Алматы облысында қар жамылғысы өткен жылдармен салыстырғанда 35% аз болды. Іле өзенінің ағындылығы екі-үш есеге азайды. Ал суармалы жерлердің ауданы 2019 жылмен салыстырғанда 11% ұлғайды. Жоғарыда аталған факторларға қарамастан, жалпы вегетация сәтті өтті деп айтуға болады», - деп мәлім етті министр Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, облыста күріш егу алаңы он мың гектарды немесе жалпы суармалы алаңның екі пайызын құрайды. Бұл ретте күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың он пайызы немесе жылына 350 млн текше метр су жұмсалады. 

«Осыған байланысты күріш егісін қысқарту қажет деп санаймыз. Ал, үнемделген судың есебінен ылғалды аз қажет ететін дақылдардың 40 мың гектар егістіктерін суаруға мүмкіндік пайда болады», - деді Мырзағалиев.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысында 2020 жылы су көлемі орташа көп жылдық деректерден 15-20%-ға төмен болды. Трансшекаралық өзендерде су бөлу бойынша туындаған қиындықтарға қарамастан, облыста вегетациялық кезең тұрақты өтті. Болжанғандай су аз циклды ескере отырып, біртіндеп ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек.

«Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағыны 2020 жылы он бес пайызға және оның негізгі ресурсы болып саналатын Тоқтоғұл су қоймасының (Қырғызстан) көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд текше метрге аз болды. Осыған қарамастан, суармалы суды жеткіліксіз беру фактілері тіркелген жоқ. Мақтарал ауданында 4 мың гектар жерде күріш өсірілгенін айта кеткім келеді. Егер де осыны қысқартқан жағдайда, 158 млн текше метр су үнемделеді. Тиісінше, осы үнемделген судың есебінен он үш мың гектар ылғалды аз қажет ететін дақылдарды суаруға болады», - деп түсіндірді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлердің ауданы 251 мың гектарды құрады. Бұл - елдің жалпы суармалы алаңының он алты пайызы. Осылай бола тұра, облыс жалпы республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43% немесе төрт текше шақырым суды қолданды. Жалпы облыс бойынша ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды.

«Сонымен қатар, күріш егістігінің ауданы 90 мың гектарды құрағанын атап өткім келеді. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына сәйкес, егіс алаңы 75 мың гектардан аспауы тиіс», - деді М. Мырзағалиев.