16 шіл, 2019 сағат 09:37

Еліміздегі жолаушы вагондарының 45 пайызы тозған

Биыл Қазақстан 63 жолаушы вагонын сатып алады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің дерегіне сенсек, қазақстандық жолаушыларға 2,6 мыңнан астам вагон қызмет көрсетеді. Алайда бұл жаз мезгілі мен мереке, демалыс күндерінде жеткіліксіз. Осының салдарынан жаз сайын жұрт көптеген бағыттарға билет таппай сарылады.

«Қазақстандық жолаушы вагондарының паркі 2,6 мыңнан асады. Олардың орташа тозу деңгейі 45,9 пайыз шамасында. Қолдану мерзіміне байланысты вагондардың істен шығуын, адамдар көп жүретін жаз мезгілі мен демалыс, мереке күндерінде вагон тапшылығы болатынын ескерсек, жыл сайын 200-ге жуық жаңа вагон қажет», - делінген ресми мәліметте.

Ведомствоның хабарлауынша, осы қажеттілікті өтеу үшін кезең-кезеңімен қарызға вагон сатып алу жоспарланып отыр.

«Жылжымалы құрамның паркін жаңарту жөніндегі іс-шаралардың күрделі салымдарды қажет ететінін ескере отырып, вагондарды кезең-кезеңімен қарызға сатып алу жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірленген. Бір жолаушы вагонының бағасы - 450 млн теңге», - делінген министрлік жауабында.

Ведомствоның мәліметіне қарағанда, 2016-2018 жылдар аралығында тасымалдаушылар 240 жаңа вагон сатып алған. Сондай-ақ, алдағы уақытта 360 вагон сатып алу жоспарланып отыр. Оның 63-і биыл жеткізілуі тиіс.