2016-2020 жылдар аралығында жеке меншік университетте білім алушылардың саны 53,8% өскен. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізген жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта елімізде жалпы 127 жоғары оқу орны бар, оның ішінде 70 - жеке меншік. Жалпы білім алушылардың саны 624 263 адамды құрайды. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 55%-ы жеке меншік ұйымдар. Оларда 391 309 адам оқуда (47 421-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша)», - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Оның айтуынша, жеке меншік университеттердегі білім алушылардың санының жыл сайын өсуі байқалады. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында 53,8% өскен.
«Атап айтқанда, контингенті ең көп жеке меншік жоғары оқу орындары: Шымкент университеті – 15 527, Қазақстан инженерлік-педагогикалық Халықтар достығы университеті – 12 717, «SilkWay» университеті – 9 320 және олардың барлығы бір өңірде орналасқанын ескеру қажет. Яғни, іс жүзінде бірқатар жекеменшік университеттерді өз контингенті бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты ұлттық университеттермен салыстыруға болады. 2030 жылға қарай ЖОО түлектері екі есеге көбейіп, саны 301 602 адамға жетеді деп күтілуде», - дейді ол.