20 жел, 2020 сағат 08:53

Елімізде мониторинг топтарының жұмыс алгоритмі өзгерді

Мониторинг топтарының жұмыс алгоритміне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«7 желтоқсанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мониторинг топ жұмысының алгоритмін бекіткен болатын. Дегенмен мониторинг топтары құрамының ашықтығы, тексерулер үшін негіздер және оларды бизнес нысандарында жүргізу тәртібіне қатысты бірқатар мәселе ашық күйінде қалған еді. Біз бұл олқылықтардың орнын толтыруды ұсындық. Кеше, 19 желтоқсанда, Үкімет жаңартылған алгоритмді ұсынды», - деп жазды Рүстем Жүрсінов Facebook парақшасында

Рүстем Жүрсінов бұрын мониторинг топтарының назарын тек ең өрескел тәртіпбұзушылықтарға аудару туралы ұсыныс айтқанын жазады. Жаңа алгоритмде бұл ұсыныс ескерілген, мониторинг топтарына бизнесті тек 5 талаптың сақталуы тұрғысынан тексеру ұйғарылған. Олар:

1) жұмыс режимі;

2) адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуден бас тарту;

3) әлеуметтік қашықтықты сақтамау;

4) маска режимін сақтамау;

5) келушілер санының лимиттен асуы.

«Егер мониторинг тобы осы 5 тәртіпбұзушылықтың біреуін анықтаса, ол кәсіпкерге айыппұл сала алмайды. Материалдар санитарлық дәрігердің тексеруінсіз әкімшілік іс жүргізу үшін СЭҚ-қа жіберіледі немесе шұғыл хабарлама жасалады. Ал СЭҚ инспекторы кәсіпкерді тексереді. Екінші жағдайда санитарлық дәрігер бизнес нысанын тексеру парағында қарастырылған талаптардың сақталуын тексереді (қазіргі уақытта 24 талап бар, бірақ жақын арада оны 20-ға дейін қысқарту жоспарлануда)», -дейді ол.

Рүстем Жүрсінов сонымен қатар енгізілген тағы бір маңызды жаңалық - енді әкімдіктер мониторинг топтарын тексеруге шықпас бұрын олардың дербес құрамын өз сайттарында жариялауға, ал мониторинг топтарының мүшелері бар болған жағдайда қызметтік куәліктерін көрсетуге міндетті болатынын атап өтті. Осылайша, кәсіпкерлер өздерін тексеруге заңды бақылау тобы келгенін біле алады. 

Сондай-ақ алгоритмге рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылатын аумақтың учаскесін мониторинг тобының алдын ала айқындап алуы туралы ұсыныс енгізілген. Бұл мониторинг топтарының жұмысын цифрлық бақылауға негіз болды. Цифрлық мониторинг олардың қызметінің ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Әзірге цифрлық мониторинг пилоттық режимде тек Түркістан облысында ғана жүргізілуде. Бұл тәжірибе бүкіл елге таратылуы мүмкін

«Егер сізге немесе сіздің бизнесіңізге қатысты мониторинг тобының мүшелері заңға қайшы әрекет жасаған болса, 1432 қысқа нөмірі бойынша ҰКП call center-ге хабарласыңыз», - дейді Рүстем Жүрсінов.