22 ақп, 2022 сағат 15:51

Елімізде мемлекеттік қызметтің 93,4% электронды форматқа ауыстырылды


Қазақстанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 93,4 пайызы электронды форматқа ауыстырылды. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтер сапасын бағалауды онлайн форматқа кезең-кезеңмен көшіру жоспарлануда. Электрондық қызметтерді дамытуға келер болсақ, бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Тізілімге сәйкес, мемлекеттік қызметтердің 93,4% электрондық форматқа аударылды», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев аталған жиында. 

Оның айтуынша, аталған бағыттағы оң өзгерістерге қарамастан, жекелеген мемлекеттік қызметтер бойынша проблема бар. 

«Агенттік тұрақты негізде, «электрондық үкімет» порталында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне мониторинг жүргізіп, қорытындысы бойынша порталда электрондық қызметтердің 189 түріне қолжетімділіктің жоқтығын анықтады. Сонымен қатар, агенттіктің жедел мониторингінің арқасында, «электрондық үкімет» порталында 158 электрондық қызметтің қолжетімділігі қамтамасыз етілді», - дейді ол. 

Сонымен қатар агенттік басшысы мемлекеттік қызмет саласы бойынша әлемдік үздік тәжірибелердің зерттелетіндігін тілге тиек етті. 

«Мемлекеттік қызметшілердің өзіне жүктелген тапсырманы ұтымды орындауы үшін, икемді жұмыс кестесі мен қашықтықтан жұмыс істеу жағдайын жасау қажет. Яғни жұмыс жасау кеңістігіндегі тиімді жағдайларды пайдалану тәжірибесін кеңейтуіміз керек. Сол секілді алдағы уақытта агенттік сарапшылармен ортақ талқылаудың қорытындысын және әлемдік тәжірибені жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстарды дайындайды», - деді Жазықбаев.