Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы киік төлдерінің ғылыми мәліметтерін жинауға ерікті түрде көмек көрсете алатын волонтерлерді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған қауымдастықтың мәліметінше, мамырдың 4-19 күндері Қостанай мен Ақтөбе облыстарында киіктің Бетпақдала популяциясының, ал мамырдың 5-21 күндері Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясының төлдеріне санақ жүргізу үшін үш-үштен 6 волонтерлер керек. Волентерлер өңірлерге Нұр-Сұлтан қаласынан шығады.
Волентерлердің негізгі міндеттеріне трансекталарда киіктің жаңа туған төлдерін іздеу, салмағын өлшеу, мәліметтерді жазып алу және қауымдастық мамандарына қажетті өзге де көмек түрлерін көрсету кіреді. Далалық лагердегі жұмыс уақыты таңертеңгі 7-00-де басталып, кешкі 17-00-ге дейін жалғасады және күніне 15 шақырымнан астам жол жүреді.
Қауымдастық волонтерлерді елордадан далалық лагерьлерге дейін көлікпен жеткізеді және жолда қонақ үй, тамақтану шығындарын көтеріп, төсенішпен, ұйықтауға арналған матраспен қамтамасыз етеді.
Волонтер болғысы келген азаматтар мына сілтемеге өтіп, өтініш толтырулары қажет. Лайықты кандидатты таңдағаннан кейін қауымдастық мамандары өздері хабарласатын болады.