Әлемдегі және еліміздегі пандемия әсерінен екі жыл қатарынан қашықтан білім алып, онлайн оқу жүзеге асырылды. Осыған орай, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, алдағы оқу жылында бірыңғай онлайн білім беру платформасы іске қосылады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде вице-министр осы жобаның қолға алынғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Бірыңғай онлайн білім беру платформасын құру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы, бұл бағыттағы қадамдар жаңа оқу жылының басына қарай аяқталады. Келесі оқу жылынан бастап білім ұйымдары бірыңғай білім беру порталын пайдалана алады», - деді Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.
Айта кетейік, былтыр оқу жылының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында бірыңғай онлайн білім платформасын әзірлеу керектігін тапсырған еді.
«Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», - деген болатын Президент.
Сонымен қатар, Шолпан Каринова Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын олимпиадалар оқушылар үшін ақысыз негізде болатынын еске салды. Оның айтуынша, балалардың дарындылығын қолдау – зияткерлік олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар, конкурстар, кәсіби шеберлік конкурстары және спорттық жарыстар өткізу арқылы бірнеше бағытта жүзеге асырылады.
«Олимпиадалар мен жарыстардың қорытындылары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті деңгейдегі дипломдар және барлық қатысушыға сертификаттар беріледі. Олар өте маңызды. Өйткені дарындылықты дамыту, қолдау, сондай-ақ оларды ынталандыру әр дарынды оқушыны ары қарай жігерлендіруге әсер етеді. Дипломдар мен сертификаттарды беру де тегін түрде жүргізіледі», - деді вице-министр.
Ал ақылы білім беру олимпиадаларының Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ.
«Қоғамда көп талқыланып жүрген мәселеге тоқталып өтпекпін. Бұл өз кезегінде ұйымдастырылып жатқан ақылы олимпиадалар мен конкурстарға қатысты. Қазіргі кезде қазақстандық білім беру нарығында жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдар да осы қызметтерді ұсынып келеді. Олар түрлі ақпарат көздері арқылы ата-аналарға да, оқушыларға да, мұғалімдерге де, мектептерге де мәліметтерді толықтай жеткізіп тұрады. Бұл қызмет көрсету саласы лицензияланбайды және министрлік тарапынан ресми тұрғыда рұқсат алуды қарастырмайтын қызмет түрі. Қазіргі кездегі тәжірибеде осы конкустардың барлығы ақылы түрде өткізіліп жатыр. Оларға қатысу үшін ата-аналар өз қаражатын салады», - деді Шолпан Каринова.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшкендіктен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында бірыңғай онлайн білім платформасын әзірлеу керектігін тапсырған еді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде вице-министр осы жобаның қолға алынғанын атап өтті. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, алдағы оқу жылында бірыңғай онлайн білім беру платформасы іске қосылады.