Қазақстанда 5,5 млн адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны 30 % құрады. Яғни елімізде 5,5 млн адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл тұрғыда бұқаралық спортты дамыту бағытында 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында 207 млн адамды қамтыған 27 мың спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ауылдық жерде 1,1 млн адамды қамтыған 16 мың спорттық бұқаралық іс-шара өтті», - дейді Ақтоты Райымқұлова.
Оның айтуынша, биылғы жылы 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Аймақтарда дене-шынықтыру сауықтыру кешендерінің 100, 160 және 320 орындық типтік жобалары қарастырылған.
«Жергілікті әкімдіктермен бірге 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтыланды. Биыл 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2020 жылы - 34, 2021 жылы – 44 нысан салынады. Спорт кешендердің құрылысы жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Министрліктің жүргіген талдауына сәйкес, өңірлерде спорттық залдарға деген қажеттілік – 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайды», - деді Ақтоты Райымқұлова.