Қазақстандық көрермендер кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің келесі жекпе-жегін «Хабар» арнасынан тамашалай алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан кәсіпқой боксы» ВКонтакте парақшасынан хабарланғандай, 13 қыркүйекте Данияр Елеусінов Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» аренасында жеңіліп көрмеген америкалық Решард Хикспен (12-0-1, 6КО) жұдырық түйістіреді. Жекпе-жекті Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 14 қыркүйек күні сағат 06.00-де «Хабар» арнасынан көруге болады.
Айта кетсек, аталмыш бокс кешінің басты жекпе-жегі – Девин Хэйни (22-0, 14 КО) мен ресейлік Заур Абдуллаевтың (11-0, 7 КО) кездесуі болмақ.
«Данияр өзін жақсы сезініп жүр. Соңғы спарринг сенбі күні болды. Біз дайындықты аяқтадық. Даниярды жекпе-жекке Дерик Сантос, Гарри Кларк және Даниярдың әкесі Марат аға дайындап жатыр», - дейді боксшының менеджері Зия Әлиев.