11 тамыз күні Олимпиаданың күміс жүлдегері, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Елдос Сметов елорданың жас дзюдошыларымен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті.
Елордада «B-Platinum» спорт кешенінде ұйымдастырылған даңқты балуанмен кездесуге 50-ге жуық жасөспірім дзюдошы қатысты.
Сметов осындай ашық кездесудің көптеп ұйымдастырылып жатқаны қуантатынын айтты.
«Біздің болашағымыз - жастар. Сондықтан, үлкен спортта ұрпақтар сабақтастығы болғаны абзал. Біз бар білгенімізбен жас буынға бөліссек, бізден кейінгілер де тәжірибесімен бөлісіп, кішіге үйретіп отырады деп сенемін. Осындай ашық кездесулер балалардың спортқа деген құлшынысын одан әрі оятып, жігерлендіретіні анық», - дейді спортшы.
Чемпионмен кездесуге спортшылар ғана емес, олардың ата-аналары мен Елдостың елордадағы жанкүйерлері де жиналды.
«Елімізде дзюдо өте қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінде ересектер, жастар, жасөспірімдер құрамасының бәрінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Олардың барлығы ата-аналардың балаға дұрыс жол бағыттап, жаттықтырушылардың балалармен тыңғылықты жұмысының нәтижесінде деп ойлаймын», - деді Сметов.
Кездесу соңында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Данияров бастаған бір топ бапкерлер құрамы Елдосқа алғысын айтып, шапан жауып, алдағы әлем чемпионатына сәттілік тіледі.
Спортшы 25 тамыз – 1 қыркүйек арасында Жапонияның Токио қаласында өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына қатысады.