09 жел, 2020 сағат 09:12

Елдегі интернеттендіру үрдісі қаржы нарығының барлық сегментіне әсер етті

Елде интернеттендіру үрдісі қарқын алуда. ҚР-да кең жолақты жоғары жылдамдықты интернет абоненттерінің саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Тіркелген интернет абоненттерінің саны бір жыл ішінде 5,4%-ға, 2020 жылдың қазанына қарай 2,6 млн-ға дейін өсті. Оның ішінде ауылдық жерлерде бір жылда 11,7%-ға, яғни 583,1 мың абонентке дейін өскені байқалды. Интернетке қолжетімділігі бар ұялы байланыс абоненттерінің саны 7,7%-ға, яғни15,8 млн-ға дейін артты. 5 жыл ішінде тіркелген интернет абоненттері санының өсімі 24,9%-ды, интернетке қолжетімділігі бар ұялы байланыс абоненттері 56,8%-ды құрады. 

Рrimeminister.kz сайтының мәліметі бойынша, 2020 жылғы маусымның соңында ел халқының цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1%-ды құраған болатын. 2018 жылдың соңында ҚР-да 828 ауылдық елдімекенді ТОБЖ (Талшықты-оптикалық байланыс желісі) технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жоба іске асырыла бастады. Бұл ҚР шалғай өңірлерінен 2,1 млн-нан астам адамды жоғары жылдамдықты байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба биылғы жылдың соңына дейін аяқталады, нәтижесінде елдегі интернеттің ену деңгейі 99,5% - ға жетеді, деп хабарлайды akorda.kz. 

Абоненттер санынан басқа интернет жылдамдығы да артуда: speedtest.net сайтының деректері бойынша, Қазақстанда мобильді интернетті жүктеу жылдамдығы 2020 жылдың қазанына қарай бір жыл ішінде 18,61-ден 19,28 Мбит/с-қа дейін, ал тіркелген интернет жылдамдығы 40,14-тен 50,74 Мбит/с-қа дейін өсті. 

Барлық жерде цифрландырудың айқын нәтижесі - биылғы жылы Қазақстан аумағында төлем карталары бойынша айналымның жалпы көлемінде, яғни қолма-қол ақшасыз төлемдердің қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырудан басым болуы. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдердегі интернет пен мобильдік төлемдердің үлесі 2020 жылғы қаңтар-қазанда 81,4%-ды құрады, өткен жылы 69,9% болған, ал карталар бойынша айналымдардағы үлесі-53,6%, бір жыл бұрын 30%.