03 ақп, 2017 сағат 16:13

Елбасы ұсталған шенеунiктер туралы: Бұл - сатқындық...

Президент жемқорлық қылмыс жасап, ұсталып, түрмеге түскен шенеунiктерге қатысты қынжылыс бiлдiрiп, бұл мемлекеттiк мүдде мен сенiмге жасалған сатқындық дедi, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

"Барлық реформалар қаржыландырылады. Триллиондаған теңге бөлiнiп жатыр.
Есеп комитетi ғана 160 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықтаған. 47 лауазымды тұлға әкiмшiлiк, 223 тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған. Құқық қорғау органдарына көп материал берiлдi", - дедi Президент үкiметтiң кеңейтiлген отырысында.

Мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы Қайрат Қожамжаровтан өткен жылы сыбайлас жемқорлық бабы бойынша қанша адам жауапкершiлiкке тартылғанын сұрады.

"2900 лауазымды тұлға", - деп жауап бердi Қожамжаров.

"Оларды "Болашақпен" оқуға жiберiп, тәрбиелеп, барлық қызмет сатысымен өсiрiп, алып келесiң, ал олар түрмеге түседi. Өте өкiнiштi", - дедi Елбасы.

"Мен бұл адамдардың ата-аналарынан да көп уайымдаймын. Бәрi бекер. Менiң ойымша, бұл мемлекеттiк мүдде мен көрсетiлген сенiмге жасаған сатқындық. 2900 адам тергеуде отыр. Сонда да тоқтамайды", - деп қынжылды Президент.

Айта кетейiк, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өттi. Жиында алдымен елдiң 2016 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары талқыланды. Кейiн Мемлекет басшысы түйiткiлдi мәселелердi көтерiп, алдағы жұмысты айқындап, үкiмет мүшелерiне тапсырмалар бердi.