Елбасы халық әртісі Әлібек Дінішевті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Әлібек Дінішев Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытудың қазіргі мәселелері, сондай-ақ рухани жаңғыру үдерісіндегі шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің рөлі жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы халық әртісінің мәдениет саласына сіңірген зор еңбегін жоғары бағалап, оның елімізде ғана емес, шет елдерде де танымал екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті мәдениетті дамытуды мемлекеттік деңгейде қолдаудың маңыздылығына назар аударып, соңғы жылдары осы салада қол жеткізілген нақты нәтижелерге тоқталды.
– Қазір еліміздің мәдениет саласы бағдарламалық мақаламда айқындалған бағыттарға сәйкес дамып келеді. Біз бүкіл әлемге паш етілетін туындылар жасауға кірістік. Жаңа опера және балет театрын, концерт залдарын салдық, соның бірі «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында орналасқан. Бәрі опера және балет театрында өнер көрсеткісі келіп, сонда баруды қалайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ә.Дінішев Елбасыға мәдениет пен өнерге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен алған әсерімен бөлісті, сондай-ақ отандық өнер әлемінде болып жатқан жаңалықтар жөнінде әңгімеледі.
– Сіз елімізде өнердің дамуына зор мән беріп келесіз, жаңа мәдениет нысандары ашылып, жаңа шығармашылық ұжымдар құрылуда. Осының барлығы өнеріміз арқылы Қазақстанды әлемге таныту үшін жасалып отыр, – деді Ә.Дінішев.