Осыдан екі жыл бұрын Бішкекте болып, Қырғыз мемлекеттік драма театрының «Эр достугу – эгиз, эл достугу – деңиз» спектаклін тамашалап едім. Театрда ине шаншыр орын болмады.
Сахна туындысы – Алматы тумасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Кичи-Кемин қырғыз айылының тұрғыны Марат Ақматаевтың достығы туралы. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жағдай. Ұлтын, елін сүйген жас азаматтар. Екеуі де бақытын еңбекпен тапқысы келеді. Екеуі де еліне біліммен септескісі келеді. Достыққа адал, туысқандыққа берік.
Қойылым үстінде жылып отырған қырғыз туғандарды көрдік. Өйткені 60-жылдардың «ұлтсыздандыру трагедиясы» екі халыққа да ортақ еді.
Спектакль соңында сахна төріне шыққан туынды авторы Аманбек Жапаров: «Мен шынайы өмірден алынған оқиғаларды және Назарбаев пен Ақматаев арасындағы достық қарым-қатынасты екі халық арасында бұрыннан келе жатқан туыстық байланыс пен өзара ұқсас салт-дәстүрлеріміздің рәмізі ретінде көрсеткім келді» дегені есімде қалыпты.
Бұдан кейін сөйлеген қырғыздың мемелекет және қоғам қайраткерлері де осы ойды іліп әкетіп, достық сезімі мен туыстық парызын тебіреніп жеткізген болатын.
Арада тура екі жыл өткенде, президенттік мерзімінің аяқталар тұсында, Алмазбек Атамбаев Қазақстан туралы, біздің Елбасы жөнінде неше түрлі пәлені айтып, кеселді үрдісті бастады. Егер мұндайды маскүнем адам немесе көшедегі біреу айтса, елемеген болар едік. Ал, ол – «ел сайлаған» басшы, бір мемлекеттің конституциялық кепілі. Әрине, бәрі сау адамның сөзі емес.
Бәріміз Ілия Жақанов ағамызды жақсы білеміз. Өнер саласында қазақ-қырғыздың елшісі сынды тұлға. «Әселім - әнім», «Даниярдың әні» секілді туындылары – қырғыз музыкасына қойылған ескерткіш секілді. Өзім де әнші ретінде осы шығармаларды жиі айтамын. Қырғыз рухы сезіліп, асқақтап тұрады. Біз Бішкекке барғанда әнімізге қырғыз туғандар тік тұрып қол соғатын. Ал, енді осындай өнердегі және өмірдегі бауырластықты А.Атамбаев мырза үзгісі келе ме?
Тарихтан жаман нәрсе іздеген адамның өзі жамандыққа ұрынады. Мұны өмір тәжірибесі көрсетті. Ал, енді 18 миллион халық сайлаған және әлемдік беделі бар Қазақстан Елбасына артық сөз айтқанына жөн болсын? «Көрші ақысы» былай тұрсын, қиналғанды қол ұшын берген, ағалық ақылын айтқан тұлғаға пендешілікпен тіл тигізу - қай жағынан алсақ та көргенсіздік.
Даналар заманы - қай уақытта да үлгі-өнеге. Біз неге ұлы Мұқаңның – Мұхтар Әуезовтің аса қиын кезде кеудесін тосып, «Манас» жырын советтік идеология кесепатынан қорғап қалғанын ұмытамыз? Ұмытпауға міндеттіміз! Шыңғыс Айтматовтың Қазақ еліне деген адалдығын немен айырбастаймыз? Ештеңемен!
Кешегі Қазақ елі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан. Дәстүр де, ізгілік те орнында. Ендеше қазақ тарихына, Елбасына қарсы ғайбат сөз айтқан адам (ол мейлі кім болсын?) - өз тарихын да, тұлғаларын да көк тиынға теңгерген надан.
Құдай надандықтан сақтасын! Қазақ және қырғыз азаматтарына парасат берсін. Бұл күн де өтеді. Жақсы күндерде жақсы жағдайда ұшырасқанға жазсын.
Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,
өнертану профессоры
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті