15 ақп, 2019 сағат 15:33

ЭКСПО аумағындағы үйлерді сатып алу бойынша өтініштерді қабылдау тоқтатылды

ЭКСПО аумағында орналасқан тұрғын үйлерді сатып алу бойынша өтініштерді қабылдау тоқтатылды. Бұл туралы «Бәйтерек девелопмент» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, «Бәйтерек девелопмент» АҚ Digital Baiterek бірыңғай порталында туындаған техникалық ахаулықтарға байланысты ЭКСПО аумағында орналасқан тұрғын үйлерді сатып алу бойынша өтініштерді қабылдау қызметінің уақытша тоқтатылғандығы хабарланды.

Сатып алушылардан пәтер алу жөнінде түскен өтініштердің көптігіне байланысты бірыңғай порталда техникалық қиындықтар пайда болды. Сол себепті өтініштерді қабылдау мерзімі басқа уақытқа шегерілді.

Қазіргі таңда бірде бір пәтер брондау қызметінен өтпеді. Осыған дейін қабылданған өтініштердің бәрі кері қайтарылды.

«Орын алған ыңғайсыздықтар үшін компания кешірім сұрайды. Өтініштерді қайта қабылдау жөніндегі ақпарат baiterekdevelopment.kz ресми сайты, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде шығатын болады»,-делінген хабарламада.