22 қаң, 2018 сағат 17:43

Экс-депутаттан зорлық көргенін айтқан бойжеткен әділет іздеп Астанаға келді

Экс-депутаттан зорлық көрдім деп жанайқайын жеткізген 19 жастағы Елена Иванова әділеттік іздеп, Астанаға келді. Ол 53 жастағы айыпталушы Ержан Ысқақовтың жазалануын талап етуде, деп хабарлайды NUR.KZ.

ШҚО-дан Астанаға жету үшін Елена бірнеше рет бағыт ауыстырғанын айтуда. Ол жолай экс-депутаттың қолына түсіп қалудан қорыққанын алға тартты.

Сондай-ақ, бойжеткен қоқан-лоққыға тап болғанын, ал билік көмектеспей жатқанын айтып, шағымданды. Елена аяусыз зорланғанын дәлелдеп, бұрынғы депутатты жазалауға ниетті.

"ШҚО-да істі жауып тастады. Ол маған телефоннан қоқан-лоққы көрсетіп, құмырсқаша таптай салатынын айтты", - деп көзіне жас алды Елена.

Бойжеткен, тіпті ІІД қызметкері оны қорқытпақ болғанын айтуда.

"Мені сұрақтың астына алған Өскемен ІІД-нің қызметкері "шындықты айтпасаң, сені өзім зорлап тастаймын" деп қорқытты", - дейді Елена.

Еске салсақ, бойжеткен бұған дейін экс-депутат оны зорлап тастағанын жалпақ жұртқа жария еткен болатын.