23 қаң, 2018 сағат 13:48

Экс-депутат 19 жастағы қызбен арадағы жағдайы туралы шындықты айтты

Кәсіпкер Ержан Сқақов NUR.KZ порталына берген эксклюзивті сұхбатында зорлауға қатысты оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Осыған дейін экс-депутат әрі бизнесмен Сқақов сұхбат беруден бас тартқан еді.

"Осыған дейін үндемей келгенім, шын мәнінде, кінәмді мойындағаным емес. Біріншіден құпия тергеу жүргізілді. Ал, екіншіден, осы әңгімені бастағандардың дәрежесіне түскім келмеді. Қазір барлық тергеу жұмыстары аяқталды. Ақша бопсалаған блогердің соты да бітті. Бірақ әлі бітпеген бір іс бар. Бүгін осы істі ұйымдастырғандардың барлығының үстінен прокуратураға шағым жаздым. Оның ішінде қайным Оразбек Қатпанов пен сыбайласы Елена Иванова да бар.

Олар мен жасамаған қылмысқа қатысты халық алдында кінә таққаны үшін, өтірік куәгерлік еткені үшін жазаланса деймін.

Мені Дина Таңсәрінің жасап отырған әрекеті одан сайын таңғалдырды. Бота Қатпановты қазақтың батыры деп атаған. Ол өз жақындарын сатып кеткен қайным ғой менің. Елена 16 жасынан бастап онымен бірге тұрып келеді. Сөйтіп жап-жас қызды әйелі тұрып жатқан үйге алып келді. Шудың барлығы осыдан шыққан. Мұның бәріне дәлел бар", - дейді ол.

Сқақовтың айтуынша, ол қайнысын жұмысынан шығып жіберген соң әлгі азамат экс-депутатқа тісін қайрап қалыпты. Осыдан кейін Қатпанов өзіне қатысты лас істі қасақана ұйымдастырды дейді кәсіпкер.

Экс-депутаттың сөзіне сүйенсек, Еленамен арасында денелері жақындасқан қарым-қатынас болыпты. Бірақ ол мұның бәрі бойжеткеннің келісімімен жасалғанын айтады. Себебі жақын қарым-қатынасқа дейін кәсіпкер Еленамен ұзақ уақыт хабарлама алысып жүрген.

"Ол осыған дейін менімен хат жазысқанда әйел мен еркек арасында болатындай қылымсып жүретін. Екеуміздің жазысқан хаттарымыз да бар. Ол өз еркімен менімен барды. Ал менен шыққаннан кейін Қаптановқа "Мен онымен жаңа ғана болдым" деген смс жіберіпті. Зорланған адам осылай жазады ма?

Бұл кезде мектепте 100 шақты адам жұмыс істеп жатқан, бірақ ол ешкімге ешнәрсе айтпаған. Мұның барлығы 5 тамызда болған еді. Одан кейін 11 тамыз күні Елена маған хабарласып, бетпе-бет кездесейік деді. Мен досымды көліктің артқы жүксалғышына отырғызып алып, біздің сөйлесіп жатқанымызды жазып ал деп өтіндім. Себебі ол бір бүлік шығарады ма деп сезіктендім.

Егер ол менен қорықса, жеке келіп кездесер ма еді? 15 тамыз күні бізді беттестірген еді. Сонда ол менің соңғы рет 5 тамызда көргенін айтты. Мен екеуміздің жолыққанымызды жазып алған дискті көрсеткенімде АІІБ-де шу шығарды.

Тағы бір ескере кететін жәйт, ол қыз жасырын пәтерде тұрып жатқанын айтқан. Бірақ өзін күзету туралы өтінішті Халиковтың ақша бопсалау туралы ісі басталғанда жазады", - деді кәсіпкер.

Ринат Халиков кәсіпкерден ақша бопсалағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Сқақовтың таныстары арқылы байланысқа шығып, онымен кездесуді ұйымдастырған. Содан кейін кәсіпкерге өзінің ойындағы жоспарды айтып, одан құтылу үшін қолма-қол қаражат сұраған. Деректердің барлығы еспке алынып, құжаттар арқылы сотта дәлелденді.

Блогер кәсіпкерден алғашында 10 мың доллар беруін талап еткен. Ал одан кейін сұранысы арта беріпті.

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Октябрьское ауылының 19 жастағы тұрғыны экс-депутат, әрі ірі фирма басшысынан зорлық көргенін айтып, полицияға шағым түсірген еді.

Бойжеткен Иванова Астана қаласына барып қоқан-лоққыға тап болғанын, ал билік көмектеспей жатқанын айтып шағымданған болатын.

Ал блогер айыпталған экс-депутат Сқақовтан 30 000 доллар бопсалаған.