05 мау, 2021 сағат 14:04

Экология министрі қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбын айтты


Қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбы - «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру». ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін, 5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Сонымен қатар, Қазақстанның экологтарының кәсіби мерекесі. Бүгінде аса өзекті, күрделі салада еңбек етіп жатқан әріптестерді, ардагерлерді мерекемен құттықтап, істеріне табыс, денсаулық тілеймін», - деп жазды министр.

Оның айтуынша, осы күні экологиялық проблемаларға әлем назарын аудару үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. 

«Біз «Бірге - таза Қазақстан» тазалық акциясын дәстүрге айналдырдық.

Қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбы - «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру». Барша отандастарды «қайта ойланып», табиғат байлықтарын үнемді пайдалануға,жануарлар мен өсімдіктерге жанашырлық танытуға, айналаны таза ұстап, экологиялық өмір салтын ұстануға шақырамын», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасын басшылыққа ала отырып өткізіледі.