21 қыр, 2021 сағат 10:54

Екібастұзда екі бірдей энергетикалық блок салынады – Үкімет отырысы


Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында екі бірдей энергетикалық блок салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты. 

«Энергетика саласында жалпы қуаты 1136 МВТ болатын 2 энергоблок салынады.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру жоспарланып отыр.

Өнеркәсіпте 400 гектарға индустриялық аймақ құру, ферроқорытпалар, техникалық кремний, металлургиялық көмір электродтары, темір жол үшін соғылған бұйымдар бойынша зауыттар салу көзделген», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, қалада көмір өндірудің автоконвейерлік технологиясына көшу көзделіп отыр.

«Агроөнеркәсіптік кешенде жылы жайлар аумағы 30 гектардан 60 гектарға дейін кеңейтіледі, нан-тоқаш және макарон өнімдері, 2 бордақылау алаңы өндірісі бойынша кешендер салынады, сондай-ақ су армалы жерлер 10 мың гектарға ұлғаяды», - деді министр.