eGov.kz порталында оңай әрі жылдам ала алатын жаңа қызметтің бірнеше түрі пайда болды. Атап айтқанда, бұдан былай жер кадастрынан мәліметтерді енді eGovMobile қосымшасы арқылы алуға болады. Сонымен қатар, eGov.kz порталында трансплантация үшін тіндерді немесе мүшелерді сыйға тартуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет қол жетімді болса, жақындарынан айырылған қазақстандықтар қайтыс болғаны туралы анықтаманы eGov.kz порталынан ала алады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Енді аталған мәліметтер туралы кеңірек тарқатса: еGovМobile мобильдік қосымшасында өз жер учаскелеріңіз туралы мәліметтерді алу үшін «Жылжымайтын мүлік» бөлімін ашу және «Мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтер беру» қызметін таңдау қажет. Содан соң ЖСН бойынша Жердің бар-жоғына сұрау салу жіберу, тізімнен 1-10 жер учаскесін таңдау және ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе бір реттік парольмен қол қою арқылы мәліметтер алуға өтінім жіберу.
«Қалтадағы ХҚКО» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, біз eGovМobile қосымшасындағы қызметтер мен сервистердің санын барынша көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтарға мобильді болуға және мемлекеттік көрсететін қызметтерді алу процесін барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді. Егер бұрын бұл ақпаратты алу үшін бірнеше күн қажет болса, қазір оны 15 минутта алуға болады», - деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
Ал eGov.kz порталында трансплантация үшін тіндерді немесе мүшелерді сыйға тартуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет жүзеге асырыла бастады. Аталған қызметті алу үшін «электрондық үкімет» порталында, «Денсаулық сақтау» бөлімінде авторлану қажет, «Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзалардың бөлігін) алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде ерікті түрде қайырмалдыққа келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі Пайдаланушы өтініш түрін таңдайды: «Келісімді қайтарып алуды тіркеу» немесе «Келісімді тіркеу».
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұрын бұл үшін тіркелген емханаға барып, өтініш жазу қажет болса, қазір – үйден шықпай-ақ рәсімдей аласыз.
Сонымен қатар, бұл порталда жақындарынан айырылған қазақстандықтар қайтыс болғаны туралы анықтаманы ала алу мүмкіндігі туып отыр.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған анықтама жерлеу, жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау, қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын алу және мұраны ресімдеу кезінде ұсыну үшін қажет. Енді оны онлайн режимінде алуға болады.
Осы қызмет іске қосылумен қайтыс болу және перинаталдық өлім туралы медициналық куәлікті, сондай-ақ қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті міндетті түрде ұсыну бөлігіндегі талаптар алып тасталады. Анықтама алу үшін қайтыс болған адамның ЖСН енгізу жеткілікті.
eGov.kz порталында «Отбасы» бөлімінде «Отбасы жағдайы» бөлімшесін тауып, «Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама» қызметін таңдап, оған тапсырыс беріп, ЭЦҚ-мен қол қою қажет.
Оның нәтижесімен eGov.kz порталдағы пайдаланушының жеке кабинетінде танысуға болады. Бас тартудың себебі дұрыс толтырылмаған деректер немесе қайтыс болу туралы акт жазбасының болмауы болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, деректерді тексеріп, қызметке қайта тапсырыс беруіңіз керек. Ал екінші жағдайда - уәкілетті мемлекеттік органға хабарласыңыз.