Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында дзюдодан Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Балуандар бес салмақта сынға түсті. Оның 2-уі ерлер арасында болса, 3-уі қыздар арасында өтті.
Қазақстандық балуандар арасынан 60 келіде татами төріне шыққан Елдос Сметов ширек финалда қырғызстандық Кубанычбек Айбекұлына есе жіберді. Сол салмақта қазақстандық Ғұсман Қырғызбаев бірінші айналымда австралиялық Джошуа Кэтцке жол берді.
Ал 66 келіде тағы бір қазақстандық балуан Елдос Жұмақанов қоржынға қола жүлде салды. Ол жұбаныш финалында қырғызстандық Артур Тені жеңіп кетті.
Қыздар арасында 52 келіде белдескен Нұрсұлу Ералиева мен Ғалия Тынбаева жарыстың алғашқы айналымда қарсыластарына есе жіберді.
Қазақстандық Абиба Әбужақынова 48 келіде Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Ол финалда қытайлық Ли Янанға есе жіберді.
Ал Севара Нишанбаева 57 келіде қола жүлдеге қол созды.
Биылғы Азия чемпионатына 30 елден барлығы 215 дзюдошы қатысады. Қазақстан құрамасынан 17 татами шебері ел намысын қорғайтын болады.
Енді Азия чемпионатында 73 келіде Жансай Смағұлов, 81 келіде Дидар Хамза мен Руслан Мұсаев, 90 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев белдессе, 100 келіде Айбек Серікбаев, аса ауыр салмақ дәрежесінде Ерасыл Қажыбаев күреседі. Қыздар арасында 63 келіде Иоланта Бердібекова, 70 келіде Зере Бектасқызы, 78 келіде Камила Берліқаш татами төрінде тайталасқа түседі. Азия чемпионаты 9 сәуірде мәресіне жетеді.